Жағажай тұрғындары жабайылығын көрсетті

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округінде «Таза жағалау» табиғатты қорғау акциясы ұйымдастырылып, оған барлық мекеме ұжымдары жұмылдырылды.

Белсенділер өздеріне бекітілген кестеге сай Шора, Тухлое өзендерінің жағалауын қоқыстан тазалауға бір кісідей жұмылды.

Өкінішке орай, жиналған қоқыстың көп бөлігі сол жаға маңындағы тұрғындардың тұрмыстық қалдықтары. «Жағалауда қоқыстың көп болуы – тұрғындардың қоршаған ортаға деген немқұрайлығы. Сондықтан біз осы акция арқылы жұртшылықты тазалық сақтауға шақырамыз. Қоршаған ортаны қорғауға жастарды тәрбиелеу – басты мақсатымыз» дейді шараға қатысқан еріктілер. Игі іске білек сыбана кіріскен табиғат жанашырлары қас-қағым сәтте қапшықтарын қоқысқа толтырып жатты. Нәтижесінде округ балансындағы трактор тіркемесімен 14-15 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Ұжымдар тазалап жатқанда кейбір ағайындар есіктен сығалап қарап тұрды. Мәселен, Тухлое өзенінің қос жағалауын аудандық мәслихат, «Серпер» редакциясы, аудандық есептеу-талдау орталығы, аудандық білім бөлімі ерте сағат 9 болмай жатып бастап кетті. Тұрғындар енжарлығы қарын ашырады. Бұл маңдағылар ұятты әбден ұмытқан. Камералық бақылау орнатып, кінәліні жазалау қажет деген ұсыныстар үлкен ренішпен айтылып жатты. Бөгеттің бер жағында бірнеше контейнерлер болуына қарамастан, ар жағына памперс, баклажка, ескі киімдерін, тіпті телевизор, радио, тоңазытқыш сияқты сынған тұрмыстық техникаларға дейін лақтыра салады. Ондаған қапшық арақтың шөлмектері, тұздағанмен бүлініп кеткен балықтар, екі бірдей иттің өлексесі, тек нелер ғана жоқ. Еттері әбден үйреніп кеткен жабайы тұрғындар «мекемелер жылдағыша тазалайды ғой» деп ойлайды.

Құрманғазы ауылдық округі алға қарай бұл мәселеде дәрменсіздік танытпай тиімді бір шарасын алуы керек.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521