Жағаның бәрі жұтап тұр

(0 Votes)

Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің осы жылғы 9 сәуірдегі санынан «Атырауда өзен вокзалы салынады» деген жерлесіміз Бақытгүл Бабаштың мақаласын оқыдым.

Қуандым, әрине. Туған өңірде зәредей бір игілікті іс жүзеге асса да, ол халықтың игілігі.Республиканың бас газеті сүйіншілеп хабарлаған бұл жайдың ерте ме, кеш пе шындыққа айналары сөзсіз. Осы бір шағын хабарда ауқымды мәселелер көтеріліп тұрғанын байқадым. Оны көзі қарақты әрбір оқырманның түсінетініне күмәнім жоқ. Мақаланың кейбір тұстарынан сөзбе-сөз үзінділер келтіре кеткеннің оғаштығы жоқ секілді. «Атырау» десе мұнайдан кейін балық еске түседі. Бірақ өңірде бірде-бір балық мейрамханасы жоқ. Қала әкімі Серік Шәпкенов кәсіпкерлермен кездесуде осы жайтқа тоқталды. «Бұрынғы өзен вокзалын қалпына келтіріп, балық мейрамханаларын ашуды қолға алу керек», - деді шаһар басшысы. Бұл ұсынысқа жергілікті кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр.

«Амангелді» ЖШС директоры Сәбит Сағидуллин әкімдік берген өзен трамвайлары жүретін екі айлақты алға қарай абаттандырғылары келетіндерін айтады. Мемлекет- жекеменшік әріптестігі аясында жоспарланған жұмыстар қатарында өзен вокзалын салу да бар. Қазір вокзал құрылысының жобасы әзірленуде. Қос құрлықты бөліп жатқан Жайық өзенінде вокзалдың болуы мұнайлы мекенге туристер тартуға өз ықпалын тигізері сөзсіз. Атырау сынды Ақ Жайығы қақ ортасын жара керіле ағып жатқан сұлу шаһарда өзен вокзалы орнығыпты, балықтан дәмді тағамдар дайындайтын мейрамханалары бар дегеннің өзі шынымен де келушілерді ынтықтырары, мұнайлы Астананың онсызда асқақтаған даңқын аспанға көтере түсері кәміл ғой. Бәрекелді, деген ризашылығымызды оны қолдаушыларға қаратып айтқанымыздың еш сөкеттігі бола қоймас. Жақсыны үлгі тұту, өнегесін жалғастыру – елдік борыш. Өзен бойларында вокзал болмағанымен көпшілік бас қосатын тиімді орындар, айталық жүзбелі немесе жаға бойы кафе-барларын салу біздің ауданға да жарасып-ақ кететін шаруа. Зәуімен алыс аймақтан қонағымыз, айталық құда-жекжаттарымыз келсе «жүріңіздер, біздің ауданның ерекшелігін көріңіздер» - деп сонда апарып, дем алдырған болар едік. Қазір, ауданымыз, ауылымыз, еңбек еткендерге шүкір дейтіндей жағдайда. Сондықтан, мұндай шаруаны ұйымдастырған кәсіпкер азаматтардың еңбегі жанарына құдай куә, біз куә. Тек бастап жіберетін бір жігері мықты кәсіп иесі қажет-ақ. Есімі белгілі «Каспий-Балық», «Каспий таңы», «Амангелді», Ш.Сүлейменов өндірістік кооперативтеріне осындай қосалқы шаруаны қолға алғандары өздері үшін де шаш етектен пайда. Тіпті кімнің болса да ұтпаса, ұтылмасы анық. Ертеректе су жағасына әкеліп (Ганюшкинде) осындай құлпырған көктемде Ә.Бисеновтің жігіттері тірі балық сатқанда жұртшылық таласа-тармаса алып жатушы еді. Соңғы жылдары сап тиылғаны түсініксіз? Меніңше, мұны қайта қолға алып, базарда емес, жаға бойында заңды түрде ұйымдастыруға әбден болады. Мұны ауданның кәсіпкерлермен жұмыс жасайтын құрылымы, ауданның ауылшаруашылық бөлімі ұйымдастырса, нұр үстіне нұр!

Енді бір айта кететін жайт, ауданда су спорты деген мүлде жоқ деуге болады. Осындай Шораның кеудесін су кернеген нұрлы көктемде өзен бойымен байдарка, каноэнің көрініс бергені қандай ажарлы тірлік! Көрген шет жұрттың да, өзіміздің де көз қуанышы болары анық. Өзені мен көлдері айнадай жарқыраған құт мекенде тұрып, балаларымыздың суда жүзіп білмеуі ұят-ақ. Алда ауданның 90 жылдығы. Дағдылы арқан тартыс, теңге атып түсіруді ұйымдастыра бергенше, келген қонақтарды да, көрермендерді де Шора жағасына әкеліп, әлгіндей су спортын (қайықшылар жарысы, т.б.) тамашалатқан абзал. Сонда ауданның ерекшелігі мен мұндалап тұрады. Қане, ойланып көріңізші, ағайын! Сылтау мен себеп айта берсе көп ғой, қалауын тауып қар жандыратын іскер азаматтар жігерленіп кетсе, алынбас қамал жоқ.

Болатбек АЙБОЛАТҰЛЫ,

Жамбыл ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521