Жаңа темір жол тұйығы ел игілігіне қызмет етеді

(0 Votes)

Ақкөл ауылдық округінде темір жол бойында жүк артып, түсіруге арналған жаңа тұйық ашылды.

Салтанатты шараны ауданымызға танымал өнерпаз Болат Бидоллаев жүргізді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шарада Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисембай Рамазанов сөйлеп: - Бұл темір жол тұйығы вагондерге жүктерді тиеу және келгендерін сақтауға арналған. Мұны ашып жатқан жергілікті жеке кәсіпкер, «Ақкөл Строй Сервис» ЖШС-нің басшысы Өмірбек Мұханбетәлиев деген азамат. Құрылыс кезінде 20-30 адам жұмысқа тартылды. Жобаның құны 130 млн. теңгені құрайды. Оның жартысын өз қаражаты есебінен, қалғанын несие алу арқылы жүзеге асырып отыр. Жалпы ауылымызда 140-қа тарта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар бар болса, оның 28-і шаруа қожалықтары, 30-ы сауда-саттықпен шұғылданса, қалғандары әртүрлі сала бойынша еңбек етуде.

Елімізде жаппай жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы орындалуда. Сол бағдарлама аясында осындай нысандар ашылуда. Бұл нысан бір мезгілде 15 жүк вагонын кіргізіп, жүгін түсіре алады. Бір күнде 45 вагонға дейін қабылдайды. Тұрақты екі тиегіш трактор, екі автокран, үш тасымалдаушы жүк көліктерімен қамтылады. Жаңадан осында 12 жұмыс орыны ашылғалы тұр, - деп кәсіпкердің қызметі сәтті басталып, ел экономикасын дамытуға үлес қоса беріңіздер деген тілегін жеткізді. Темір жол бойына керілген лентаны аудан әкімі Бибоз Шаяхметов пен 45 жыл темір жол бойында еңбек еткен ардагер Абубәкір Юсупов қиған соң, тұйыққа қарай алғашқы вагондар қозғалды.

Құттықтау сөзінде аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы аудан бойынша атқарылып отырған жұмыстарға тоқталып өтіп: - Жасталап-Шортанбай-Котяев, Құрманғазы-Бірлік ауылішілік жолдарының құрылысы басталды. Биыл Атырау-Астрахань жолының да құрылысы жүреді деп күтілуде. Міне, осы жұмыстардың атқарылуына, материалдардың уақтылы жеткізілуіне, кідіріссіз түсірілуіне, тасымал шығынын азайтуға бүгін ашылып жатқан темір жол тұйығының жүкті тиеп-түсіру алаңы өз септігін тигізеді деп есептеймін. Аудан тұрғындары үшін де жүкті облыс орталығынан, Астраханнан тасымалдағаннан осыдан алған тиімді. Біріншіден, жол қысқарады, екіншіден, қаржы үнемделеді. Сондықтан бұл жұмыс орыны кәсіпкер үшін табыс көзі. Кәсіпкерлік нысандары көбейген сайын ауданымыздың бюджетіне түсетін кірістер артып, халықтың әл-ауқаты жақсарады, - дей келе бұл тұйық елге қызмет жасайтын үлкен бір орын болсын деген ақжарма тілегін білдірді.

«Ақкөл Строй Сервис» ЖШС директоры Өмірбек Мұханбетәлиев:

- Арнайы келіп қатысып, лентасын қиып жатырғаны үшін аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы сізге үлкен рахмет! Осы жұмысты жасауға округ әкімі Бисембай Рамазанов бастаған азаматтар көп көмегін тигізді. Алға қарай ел көңілінен шығу мақсатында қызметтене береміз, - деп, өзіне ақыл-кеңесін берген сала ардагерлеріне де алғысын білдірді.

Айта кетер жайт, жаңа вагон тұйығы басында жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда олар демалатын, жуынатын орындар, асхана орналасқан. Бұған дейін 26 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің тағы да қосымша жұмыс орындарын ашуы ауылдастары үшін тиімді. Өмірбектің ісі алға басып, елге көмегі тиер осындай кәсіпкерлеріміздің қатары көбейе берсін деген тілектеміз.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521