Жаңа оқу жылына дейін бітуі керек

Аудан тынысы

Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов Орлы, Нұржау, Жаңаталап ауылдық округтерінде болып, Н.Манаев, Нұржау, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аталған үш мектепте де бұл жұмыстармен айналысып отырған «Экспресс Строй» ЖШС мекемесі.

Манаев орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 14 адам тартылған. Білім ордасының төбесінің шатыры ашылып, терезелері мен едендері алынған. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудандық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Еділ Баяров, Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах, мектеп директоры Наурызбай Жаманғарин, «Экспресс Строй» ЖШС техникалық директорының орынбасары Фархат Абуғалиевпен бірге ғимарат ішін аралап шықты. Жасалып жатырған жөндеу жұмыстарының барысын көзбен көрген аудан басшысы кейбір сын-ескертпелерін айтып, мердігер мекемеге жұмысты тездетуді тапсырды.

Нұржау орта мектебінің директоры Гүлбаршын Кенжеғалиеваның айтуынша күрделі жөндеу жұмыстары шілденің ортасында басталған. Мұнда да жоғарыдағыдай көрініс. Едендер, терезелер, шатыр жабындылары ауыстырылуда. Жағдаймен танысқаннан кейін аудан әкімі Б.Шаяхметов жөндеуді жеделдетіп аяқтау үшін екі бригада құрып, уақытпен санаспай жұмыс жасауды ұсынды. Мұнда жергілікті тұрғындардан 5 адам жұмыспен қамтылыпты. Жолай асфальт зауытына соққан аудан басшысы оның тағы да бұзылып тұрғанына қатысты сын айтты.

Алтынсарин орта мектебінде де бір топ әйел адамдар қабырғаның сылығын қыру, цементтеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сылықшы әйелдер мұнда басқа ауылдан қатынап жұмыс жасайды екен. Олар аудан басшысын қолдап, өздерін жатын орынмен қамтыса түнде де жұмыс жасауға әзір екендіктерін білдірді. Бұл мектепте де еденге керамзит төселгеннен кейін есіктер орнатылмақ. Мердігер мекеме «Экспресс Строй» ЖШС техникалық директорының орынбасары Фархат Абуғалиевке қажет болса тағы да қосымша бригада құрып, екі мезгіл жұмыс жасау тапсырылды. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы мектеп директоры Болатбек Сайыпов, мердігер мекеме өкілімен әңгімесінде жұмыстың сапалы шығуын қадағалап, жаңа оқу жылына дейін аяқтауға күш салу керектігін баса айтты. Ауыл тұрғандарын жұмысқа тартуға қатысты сұрағымызға «Экспресс Строй» ЖШС техникалық директорының орынбасары Ф.Абуғалиев олардан бригада құрғалы отырғанын жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ.