Жаңа әкім қызметіне кірісті

(0 Votes)

Аптаның алғашқы күні іс-сапармен ауданымызға келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аудан активі мен мәслихат депутаттарына өз еркімен қызметтен кеткен Бибоз Шаяхметовтың орнына Құрманғазы ауданының жаңа әкімінің кандидаттығын таныстырды. Облыс әкімі бұл орынға бұрын Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасын басқарған Қайрат Нұртаевты ұсынды.

Нұрлан Ноғаев өз сөзінде, Бибоз Шаяхметовтың өз еркімен қызметтен кету өтініші ҚР Президент әкімшілігімен және аймақ басшысымен мақұлданып, қанағаттандырылғанын айтты. - Ауданда үш жылдай қызмет атқарған Бибоз Байдәулетұлы өзіне жүктелген лауазымды жұмысты лайықты атқарып, берілген тапсырмаларды дер уақытында орындап отырды. Бұл ретте ардагерлер алқасымен, депутаттар корпусымен, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлермен бірлесе атқарған жақсы қызметі үшін алғысымды білдіремін. Аудан әкімі қызметіне ұсынылып отырған Қайрат Нұртаевтың кандидаттығы да ҚР Президенті әкімшілігімен келісілді. Инженер-механик және заңгер мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар, «экономика және бизнес» мамандығы бойынша магистратура тәмамдаған. 2004 жылы Атырау облыстық экономика және кәсіпкерлікті қолдау басқармасында бас маман, 2005-2007 жылдары аралығында Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы, 2007 жылы Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары, 2008 жылдан бастап Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басқармасының автокөлік жолдары бөлімінің басшысы болды. 2010 жылдан 2017 жылға дейін Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарды, - деді.

Аудандық мәслихат депутаттары облыс әкімі ұсыныс еткен кандидатты бірауыздан қолдап дауыс берді. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров алдымен бұрынғы әкім Бибоз Байдәулетұлының атына жемісті қызметіне орай аудан тұрғындары атынан алғыс білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Қайрат Талапұлының мемлекеттік қызметтегі тәжірибелілігіне тоқталып, өз саласы бойынша ауданымызда бірнеше рет болып, өңірдің жағдайымын етене таныс екенін айтып құптайтындығын жеткізді.

Жиын соңында Б.Шаяхметов ауданды басқарған үш жыл мерзім ішінде өзара түсіністікте жұмыс жасағаны үшін барша құрманғазылықтарға ризашылығын білдірді. Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Қ.Нұртаев қызметінде барлық мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктермен бірлесе жұмыс атқарып, ел игілігі үшін жұмыстанатынын жеткізді.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521