Жаңа үйлер көбейеді

(0 Votes)

Қазір үй жалдап жүрген жас отбасылар жеткілікті. Оның бағасы да арзан емес.

Бірақ, үй сатып алуға жағдайлары тартпайды. Себебі, қымбат. Айға 80 мың жалақы алсаң, бір бөлмелі үйге қол жеткізу үшін 40 мың теңгеден жинағанда 10 жылда жарты бағасына жеткізесің. Егер ғайыптан-тайып кезегің жылжып қуантып тастамаса. Осы мақаланы жазу барысында түрлі хабарландыруларды қарап шықтық. Мысалы, Атырау қаласында бір бөлмелі пәтердің айлық жалдау құны 15-20 мың. Сатылу бағасы 8 миллион теңге. Үш бөлмелі үйдің құны 25 миллион. Қала орталығында болса, бұдан да қымбаттай түседі. Мысалы, «Атырау» мөлтек ауданында барлық жағдай жасалған екі бөлмелі пәтерді айына 35, «Балаусада» 50, «Самалда» 140 мың теңгеге жалдай аласыз.

Әрине, тұрғын үй мәселесін шешу үшін елімізде қыруар жұмыстар атқарылуда. Ол Елбасымыздың Жолдауларынан да түспейді. Сол себепті нәтижесі де бар.Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақстандықтардың баспанамен қамтылуы жылдан-жылға артып келеді. Қазір ауылдарда одақ тұсындағыдай төбесінде шатыры жоқ, сырты саз балшықпен сыланған там үйлердің саны азайып, әдемі, барлық жағдай жасалған ғимараттар бой көтеруде. Бүгінде баспана салу үшін жер сұраушы көп. Мысалы, ауданымыз бойынша үй кезегінде 789 адам тұр. Мұның159-ы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 429-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары. Құрманғазы ауылының өзі соңғы он жылда біраз өсті. Бұрын бірнеше ғана үйі бар Жапырық шағын ауданында жаңа көшелер пайда болды. Анау шетте жатқан Байтарал елді мекені де біраз үлкейді. Бос жерлер қалмай барады. Үй салу үшін берілетін жерге алдымен инфрақұрылым тартылуы қажет.

Қолымыздағы деректерге сүйенсек, ауданымызда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының басым бағыттарын іске асыру, болашақта жаңа баспаналар салынатын жерлердің инфрақұрылымын жобалау, дамыту, жайластыру республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен жүзеге асырылуда. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «НКОК Н.В» компаниясының демеушілігімен Кадырка ауылында 3 қабатты 60 пәтерлік үй бой көтеруде. Жоба құны 753190,0 мың теңге, мердігер мекеме «GAZ story montazh KZ» ЖШС. Былтыр облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы ауданымызға келгенде осы құрылыстың басында болып, жүру барысымен танысты. Аудан орталығының ПМК, РТС шағын аудандары маңындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы 2016 жылы басталды. Құны 1550644,649 мың теңгеге бағаланған құрылыс жұмыстарымен «Қарағанды жолдары» ЖШС айналысуда. Осы қаржы есебімен Құрманғазы ауылының «Болашақ», «Шипажай» жаңа шағын аудандарына тұрғын үй салу мақсатымен жол салынып, газ, ауыз су, электр желілері жүргізілуде. Бұл жұмыстар біткеннен кейін аталған мөлтек аудандардан жер алу кезегінде тұрғандарға үй салуға рұқсат беріледі. Жалпы «Болашақта» - 68, «Шипажайда» - 400 тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Қиғаш ауылында да 26 тұрғын үй құрылысына жер бөлінеді. Мұның өзі біраз адам баспанамен қамтылып, ауылымыз өсіп, көркейе түседі деген сөз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521