Жұмысына оңды баға берілсе де...

Аудан тынысы

Нұржау ауылдық округінің әкімі Қайрат Исмагуловтың есепті баяндамасында негізгі экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері, білім беру, мәдениет, дәрігерлік қамту, әлеуметтік қамту, басқа да маңызды салалар бойынша нақты айтылды.

Атқарылған жұмыстары бар, тұрғындар тарапынан еш сын-ескертпелер болған жоқ. Аз қамтылғандар арасынан кәсіби оқытуға, кәсіпкерліктерін ашуға жәрдемдесу, кейбір жағдайы жоқ ауылдасқа жергілікті кәсіпкерлер арқылы қолдау көрсету, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Нұржау ауылын жарықтандыру, кірме және ауылішілік жолдар салу, жазғы су құбырын тарту, жастарға спорт кешенін тұрғызу, берілетін жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізу сияқты шешімін күткен мәселелер назарға берілді.

Жарыссөзге алдымен көтерілген білім беру және мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жібек Қисымова: «Жыр болған мектебіміздің күрделі жөндеуі біткеніне қуаныштымын. Актив залында отырғыштары жоқ, оқу кабинеттері де толықтай жабдықталмағаны қиыншылық туғызып отыр. Құрылыстың созылып кетуі тәрбиелік жұмыстар жүргізуге едәуір қолбайлау болды. Өткізілмей қалған мәдени-көпшілік шараларды кері қолға алу қажет, осындайда мектептің актив залы қажет болады. Үнемі ауылдық клубты пайдалана беруге болмайды. Нұржау ежелден құнарлы өлке, аулаңа не ексең де шығады. Аз ғана ауыз судың өзіне жайқалтып егін шығарып отырғандар бар, дейтұрғанмен де жаздық су құбыры болғаны жақсы. Ұлтанды ел болғасын ауылға бір тойхана қажет, өсіп-өркендеп жатырмыз, түрлі жақсылықтар болмай тұрмайды ғой» деген екі-үш ойын ортаға тастады.

Нұржау орта мектебінің директоры Гүлбаршын Кенжеғалиева алдыңғы сөйлеушінің сөзін құптайтындығын жеткізіп, ауыл жастары үшін мектептің спорт алаңының аздық ететінін, аудан орталығындағыдай болмаса да модификациялық спорт кешен салуды ұсыныс етті.

Шаруа қожалығы иесі Оразғали Алғаязов әкімнің есебінде айтылғандай кейбір көшелерді жарықтандыру, қоқыс төгетін жәшіктер орнату, жолдарды жөндеу, балалар ойнайтын алаң салу мәселелерін көтеріп, Қайрат әкімінің жұмысын жақсы деп бағалады.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев ауылішілік жолдар жөнінде түсініктеме беріп өтті. – Бүгінгі есеп беру жиындары өтетін төрт округтің де кірме және ішкі жолдарын салуға жер актілері алынып, әрқайсысына 10 шақырымдық жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталынып, сараптамадан өтті. Наурыз айындағы бюджеттік нақтылауда керекті қаражат сұралынатын болады. Судың мәселесі «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырына қосылған кезде шешілетін болады.

Тұрғын Әділбек Кәлламұлы уақтылы төлемін төлейміз, бірақ интернет желісінің жылдамдығы нашар, такси қызметін заңсыз пайдаланушылар өзіндей заңды түрде тіркеліп отырғандардың алдын орап кететінін, базар бағасының тұрақсыздығын қаперге берді.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов қорытынды сөзінде мынадай мәселелерді назарға берді. – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтер дербес бюджетке көшірілді. Ол туралы мәлімет есепті баяндамада айтылмады, әкімнің жұмысы округтегі қанша сиыр, қой-ешкісі барымен емес, бюджеттің мақсатты жаратылуы, салық түсімі сияқты көрсеткіштермен де бағалануы тиіс. Базардағы қымбатшылыққа орай айтарым, кәсіпкерлікпен айналысатындардың ісіне араласа алмаймыз. Ауданда құрылған бағаны реттеу комисиясы түсінік жұмыстарын жүргізеді, облыстағы тұрақтандыру қоры арқылы кейбір азық-түлік түрлерін әлеуметтік дүкендермен сұраныс өтеледі. Такси қызметі де сауда сияқты бәсекелестік ортаға берілді. Заңсыздықты таксиші, жолаушы болып өздеріңіз шешуге тиіссіздер. Көршілес аудандарда такси қызметінің өз басшысы, дичспетчері, есепшісі бар қауымдастықтар құрылған, бізде осы істі қолға алам деп құлшынып тұрғандар жоқ.

А.Нәжімов