Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер түсіндірілді

(0 Votes)

2014 жылы 18 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы бекітілді.

Мемлекет басшысы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы базалық білім беру арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмысты жүргізуді тапсырды. Осы міндетті жүзеге асыру шеңберінде екі жақ арасындағы ынтымақтастық және өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалы және облыс әкімінің Меморандумды әрі қарай насихаттау және іске асыру жөніндегі жұмыс бағдарламасы бекітілді.

Осыған байланысты аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Жансариева мен салымшыға барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлайым Боранбаеваның қатысуымен жергілікті тұрғындарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров аталмыш сала өкілдерінің келу мақсаттарын түсіндіріп, қатысушыларға өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға болатынын қаперге берді. Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Жансариева зейнетақы жүйесін жаңғырту негіздері, 2018 жылдан бастап енгізілген өзгерістер,соның ішінде биылғы 1 қаңтардан бастап «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылатындығы жөнінде хабардар етті.Салымшыға барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлайым Боранбаева мультимедиалық слайд арқылы бүгінде Қазақстанда қызмет етіп жатқан базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту туралы маңызды мәселелерге тоқталып:

- Шілдеден бастап барша зейнеткерлерге бірдей төленіп келген базалық зейнетақы көлемі өзгерді. Енді зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын болды. Қазір зейнет жасына жеткендер алғашқы төлемақыларын жаңа жүйе бойынша ала бастады. Зейнет жасына жеткен кезде үш түрлі зейнетақы тағайындалады. Біріншіден, базалық зейнетақыңызды аласыз, екіншіден, еңбек өтіліңіз ескеріледі, үшіншіден, жинақтаушы қордағы ақшаңыз қолыңызға тиеді. Базалық зейнетақыны толық алу үшін әр азаматтың 33 жылдан жоғары еңбек өтілі болуы қажет. Мәселен, егер бір адам кем дегенде 10 жылдан аз жұмыс істеген болса оған қазіргі ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызы, яғни, 15 274 теңге тағайындалады. Егер жиырма жыл болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайызы, ал, отыз жыл құраса, 94 пайыз көлемінде зейнетақы тағайындалады. Жалпы еңбек өтілі 35 жыл болса, базалық зейнетақы мөлшері 100 пайыз көлемінде толық беріледі. Сондай-ақ зейнеткердің 1998 жылға дейін қалыптасқан еңбек өтілі және 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударылған жарналары да есепке алынады. Кей кездерде салымшылардың жұмыс орны жабылып қалып жатады. Мұндай жағдайда азаматтардың еңбек өтілдері есептелмей қалуы мүмкін. Ал, заң бойынша мұның барлығын қайта қарап, мұрағаттан құжаттарды тексертуге болады. Онда жоқ болған жағдайда, сот арқылы еңбек кітапшасында көрсетілмеген мерзімді дәлелдеуге толық мүмкіндігі бар. Ол үшін қасында бірге жұмыс істеген екі куәгері болуы қажет, - дей келе, облыстан келген лауазым иесі зейнетақы төлемдерін кесте бойынша жүзеге асыру тәртібінің өзгеруі, «БЖЗҚ» АҚ өзін-өзі жұмыспен қамтушы тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен кеңірек қамту бағытындағы жұмыстары, барып қызмет көрсету бойынша ұсынылатын қызметтер тізбесі туралы түсінік берді. Жиналыс барысында қатысушылар тарапынан зейнетақы қорында жиналған қаржыны зейнеткерлікке шыққан адамға бұрынғыдай бірден емес, созып беру, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының ұлғайуы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ олар қор туралы түрлі сауалдарын қойып, толымды жауаптарын алды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521