Қыршыннан қиылған ғұмыр

(0 Votes)

Он жылға созылған жарияланбаған Ауған соғысының аяқталғанына да биыл 30 жыл толып отыр. Осы соғыста қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, ерлікпен көз жұмғандардың бірі – «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Василий Викторұлы Григорьев.

Ол 1965 жылы Бірлік (бұрынғы Утера) ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Виктор ауылдасқа кеңінен танымал киномеханик болса, анасы Нина үй шаруасымен айналысты. Осындай қарапайым ғана тірлігі бар жанұяда өскен Василий ауылдағы мектептен білім алды. Кейіннен Астрахан қаласындағы кәсіптік–техникалық училищелердің бірінде оқып, телерадиомеханик мамандығын алып, шамалы уақыт сонда жұмыс істеді.

1983 жылы әскери борышын өтеуге аттанып, қысқа мерзімдік оқу-жаттығудан соң Ауғанстанға жіберілді. Интернационалдық көмек деп аталған бұл жат жердегі соғыста жергілікті дұшмандар Кеңес әскерлеріне күндіз дос болып көрінгенімен, түн баласы қаскөйлік әрекетке көшетін. Осындай бір түнгі операция кезінде Василий жараланып, әскери госпитальға түседі. Емделіп, жазылып шыққаннан соң қайтадан сапқа тұрып, әскери қызметін жалғастырады. Түн жамылған жаудың тағы бір ойраны кезінде ажал оғы оны іздеп тапты. 1985 жылдың 3 сәуірінде кезекті іс-қимыл үстінде ол ерлікпен көз жұмып, желкілдеген жиырма жасында туған жеріне мырыш табытпен оралды. Мүрдесін ауылға әкелгендер Василийдің ата-анасына әскери құрам басшысы, подполковник В.Суриновтың «Сіздің ұлыңыз Отан алдындағы борышын орындау жолында қаза тапты. Ол әскери антына адалдығын дәлелдеп, қаһармандық пен ерлік үлгісін көрсетті. Осындай ержүрек ұлды тәрбиелеген Сіздерге алғыс айтамыз» делінген қолы қойылған алғыс хатын табыстады. Кейіннен В.В.Григорьев КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1985 жылғы 4 қыркүйектегі Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Жүректерге жазылмас жара салған, ондаған боздақтарымыздың өмірін қиған соғыс әкелген қасірет ешқашан ұмытылмайды. Туған елі, жері соғыс құрбандарын жадынан өшірмейді, әркез құрметпен қарайды. Оған дәлел – осыдан бес жыл бұрын Василийдің майдандас достары қандыкөйлек қаруластары жерленген топыраққа бас иді. Жауынгер ұлды жерлестері де бір сәтте естен шығарған емес. Ол туып–өскен үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Ауыл орталығындағы бір көше Василийдің есімімен аталады. Сондай–ақ, ол оқыған мектептің аға ұландар жасағының бірі де батыр ұлдың есімін иеленген.

Нариманбек Шолтырұлы,

Бірлік ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521