Қылмыс жасарып барады

(0 Votes)

Аудандық прокуратурада жасы кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуі мәселесіне қатысты ведомствоаралық мәжіліс өтті.

Оны аудан прокуроры М.Тілеулиев жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды. Алдымен аудан прокурорының орынбасары А.Сүйінәлиев хабарлама жасады.

– 2018 жылдың 10 айында кәмелетке толмаған 6 жас 4 қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Бұл көрсеткіштің 33,3 пайызға өскенін білдіреді. Атап айтқанда, 24 шілде күні түнгі сағат 03:00 шамасында нұржаулық жасөспірім А.Қалламов бұзақылық ниетпен Хиуаз ауылының тұрғыны 2001 жылы туған Ә.Құбаевқа пышақпен дене жарақатын салған. Атырау облыстық жасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен А.Қалламов Қылмыстық Кодекстің 106 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, ҚК-тің 63 бабы негізінде 1 жылға шартты мерзімге сотталды, – дейді ол.

Сондай-ақ, 26 маусым күні түнгі уақытта Н.Сүлейменов Құрманғазы ауылының тұрғыны Е.Орынғалиевтің меншігіндегі «Лада» автокөлігінің ішінен құжаттарын, 14000 теңге ақшасын жымқырған. Сол түні ол ағасы А.Сүлейменовпен бірге Бұзаусылан ауылында орналасқан «Мерей-5» дүкенінің терезесін бұзу арқылы заңсыз кіріп, оның ішінен түрлі тұрмыстық заттарды ұрлаған. Қазіргі уақытта ҚК-тің 188-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа беріліпті.

2018 жылдың қаңтар айында Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенттері А.Рамазан, С.Серіков Құрманғазы ауылының тұрғыны Г.Тоғаеваның иелігіндегі 3 бас мүйізді ірі қара малын ұрлап, жәбірленушіге 450 000 теңге материалдық залал келтірген. Оларға қатысты ҚК-тің 188 бабы 2 бөлігімен басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері олардың өзара татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Тағы бір қылмыс 2017 жылдың қазан айында К.Телятов пен А.Бисенбайға қатысты ҚК-тің 200 бабы 2 бөлігімен (автомобильді немесе өзге де көлік құралын құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) тіркелді. Аталған қылмыс та осы жылы мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылды.

Аталған фактілер бойынша прокурорлық ықпал ету шараларымен (4 ұсыныс қаралды) 13 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. АІІБ ЖПҚ ЮПТ-ның бастығы Ж.Бектеміров жасөспірімдер жасаған қылмыстарды саралап, жүргізілген профилактикалық шараларға тоқталса, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева мектептерге инспекторлар тағайындалғалы оқушылар тарапынан құқық бұзушылықтың азайғанын тілге тиек етті. АІІБ ЖПҚ-нің бастығы Ж.Жағыпаров, АІІБ басшысының міндетін атқарушы М.Үмбетәлиев туындаған мәселеге орай өз ұсыныстарын білдірді. Мәжілісте Алматы қаласындағы «Ғалым» мектебіне қабылданған орамал тағатын оқушылардың кейбірі әлі күнге сабаққа бармай жүргендігі белгілі болып, аталмыш білім ошағымен байланысып, анық-қанығын білу жөнінде сөз қозғалды. Аудан прокуроры М.Тілеулиев жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау үшін профилактикалық жұмыстарды жандандыру, қадағалауды босаңсытпау қажеттігін жауапты тұлғаларға ескертті.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521