Тыныштық күзетшісі болғыңыз келсе...

(0 Votes)

Абай атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларымен мамандық таңдауға арналған кездесу кеші өтті. Шара қонағы Атырау облыстық ішкі істер Департаментінің кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ү.Сыдихов Абай, Әуезов, Ломоносов орта мектептерінен қатысқан 11 сынып оқушыларына Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің жоғары оқу орындары және оларға қабылдау шарттары туралы ақпарат берді.

 

Оқу орындарына үміткерлерді қабылдау және түсу емтихандарын тапсыру 3 кезеңнен тұратынын түсіндірді.

Атырау облыстық ішкі істер Департаментінің кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ү.Сыдихов өз сөзінде: - Оның бірінші кезеңінде жасақтаушы органдар ҚР ІІМ бұйрықтарына сәйкес кадрларды даярлаудың аймақтық қағидаларын есепке ала отырып, медициналық, физикалық және психофизикалық көрсеткіштер бойынша оқуға үміткерлерді іріктейді.

Екінші кезеңде жоғары оқу орынының қабылдау комиссиясы жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша іріктеу жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стандарттарымен ұлттық орталығы әзірлеген технологиялар бойынша кешенді тестілеу нысанында оқуға түсу емтихандары өткізіліп, ҰБТ нәтижесі бойынша берілген мемлекеттік сертификаттың балына сәйкес іріктеу жұмыстары жасалады. Үшінші кезеңде жоғарыда аталған көрсеткіштерді есепке ала отырып, мамандандырулары және оқу тілдері бойынша бөліп, конкурс негізінде үміткерлерді қабылдау жүзеге асырылады, - деді.

Келесі кезекте Құрманғазы аудандық ІІБ-нің қызметкері, полиция подполковнигі А.Бисенғалиев: - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындары Алматы, Қарағанды және Қостанай академияларына, Ақтөбе заң институтына, Ішкі әскерлердің Әскери институтына (Петропавл қаласы) үміткерлерді қабылдау республикалық бюджет негізінде жүргізіледі. Үміткерлерді қабылдау олардың психофизиологиялық, медициналық, дене шынықтыру дайындығы көрсеткіштері және ҰБТ нәтижесінің қорытындылары негізінде облыстық ішкі істер департаментінің кадр жұмысы басқармасымен және аудандық ІІБ кадр жұмысы тобымен жүзеге асырылады. Алматы академиясы “Жедел іздестіру және ақпараттық жүйелер”, Қарағанды академиясы “Сотқа дейінгі тергеу және жедел-криминалистика”, Ақтөбе заң институты “Әкімшілік құқықтық”, Қостанай академиясы “Әкімшілік құқықтық, педагогика және психология, әлеуметтік жұмыс” бойынша мамандарды даярлайды. Жалпы білім беретін мектептер арасында бейіндік пәндерден “Құқық қорғау қызметі” - дүниежүзі тарихы, “Педагогика және психология” - биология, “Әлеуметтік жұмыс” - география, “Ақпараттық жүйелер” - математиканы құрайды (таңдау бойынша пән - физика). ҚР ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-дан және кешенді тестілеуден кем дегенде 50 балл жинау қажет. Жоғарыда аталған оқу орындарында 16 жасқа толған және 25 жастан аспаған азаматтар 4 жыл білім алады. Тілек білдірген үміткерлерден ер балалардың бойы 170, қыздар үшін 160 см төмен болмауы қажет. Оқыған мерзімі әскери қызметті өтегенге саналады. Курсанттар оқу кезінде казармалық үй-жайда тұрады, республикалық бюджет есебінен тамақтанады және киінеді, ай сайын шәкіртақы алады. Бітіргендерге ішкі істер органдарының аймақтық бөліністеріне қызметке орналасуға кепілдік беріледі, - деп атап көрсетті. Сонымен қатар ҚР ІІМ-ң Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 4 курс тыңдаушылары А. Кенжебекұлы, Д.Құмар күнделікті оқу үрдісі, курсанттардың тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелеп, бейнероликтер көрсетті.

Н.ХАСАНОВА, Абай орта мектебінің директоры.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521