Өткен күннен белгі бар...

Аудан тынысы

Еселі еңбек көрсеткіштерімен ел есінде қалған №0704 Теңіз автотранспорт кәсіпорнының құрылғанына 60 жыл толуына орай бір кездері осы ұжымда жұмыс жасағандар 2019 жылдың 2 ақпаны күні «Думан Плаза» мейрамханасында бас қосты.

Ұмытпаспыз,

Ұмытпаймыз - дедік қой,

Өлгендерді ұмытпау да,

Қолдан сирек келетұғын ерлік қой, - деп Ғафу ақын жырлағандай, марқұм болған барша жұмыстастар еске алынып, бүгінде имандылық жолды дәріптеп жүрген Уахит ағамыз рухтарына Құран бағыштады. Осы шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған Әділжан Баяров кәсіпорынның тарихына шолу жасаса, Серік Баязитов өзі дайындаған бейнеролигін көпшілік назарына ұсынды.

Шараға өмірден озған көп жұмыстастың аяулы жарлары, ұрпақтары арнайы шақырылып, құрмет төрінен орын алды. Атырау қаласынан келген Х.Тұқышевтың ұлы Айбар бұл күн марқұм әкесінің де туған күні екенін айтып тебірене сөз алды. Кезінде жала жабылып партия қатарынан шығарылғанда әкесінің өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп әділдікті орнатқандығын, барша жұмыстастың қиын сәтте қолдау білдіргендігін атап өтті. Әлі күнге автокәсіпорнның өрлеу кезеңін әкесінің жарқын есімімен байланыстыратындары үшін мың сан алғысын білдірді. Дастархан басында ақ тілектер айтылып, естеліктерге кезек берілді. Сырнайшының сүйемелдеуімен Уахит ағамыз жастық күндердің ұмытылмас әндерін шырқады.

Шараның өз дәрежесінде өтуіне Тілек Абдолов, Әділжан Баяров, Серік Баязитов, Оразбай Тақашев, Александр Пискарев, Рахметолла Хамзаев, Зәуреш Ниғыметқызы, Сара Әліпова, Алма Халеновалар атсалысып, барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойындарына алды. Бұл бір артта қалған жалаулы жылдарға шегініс жасап, еңбек көрігінде бірге қайнасқандарға тағзым еткен тағылымы мол шара болды. Қайсыбіреулер «Өткен күнде белгі жоқ» деп жатады, алайда, бұл басқосу жүректерде өшпес іздің, ұмытылмас сәттердің барын, демек белгінің де барын айқын көрсетті.

А.НӘЖІМОВ.