Тезек жағып, күл шығарудан құтқарды

Аудан тынысы

Осы уақытқа дейін дәлелді себептермен үйіме газ желісі қосылмай келген еді.

Отбасы жағдайымның ауыр екенін өзім тұрып жатқан Теңіз ауылдық округінің үлкен-кішісі түгел біледі. Үйіміз бұған дейін қамыс, тезек сияқты отынмен жылытылып, тамақ та солай дайындалатын. Қайырымды жандар менің қиындау жағдайымды ескеріп, әлгі айтқан машақаттан құтқарып кетті. Қазіргі шақта көгілдір отынның рахатын біздің отбасы да көре бастады.

Бұл игі іске алдымен септескен Нұржау округіндегі «Алғаяз» шаруа қожалығының жетекшісі Серік-Оразғали Алғаязов. Жұрттан асқан ересен байлығымен елге шапағаты тиіп жүрген азаматтың көңіл нұры маған да түсті, бәрекелді демекпін. Округ әкімі бұл шаруаның басы-қасында болып, ұйымдастырудан тартыншақтамады. «Құрманғазы» қайырымдылық қорының мүшелері Ерлан Тарихов, Жастілек Оңашев, Сайфолла Мұқанов, Әйгерім Жакупова бастаған қордың барша мүшелері қаржылай қолдау көрсетті.

От жағып, қазандықтың күлін алып, күйелшең-күйелшең болып жүру бейнетін тартудан құтқарып кеткен есімдері аталған иманды жүрек иелеріне алдымен Аллам риза болғай деп алғыс айтамын. Дендері сау, бастары аман болып, отбасы бақытына кенелулерін тілек етемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Мұрат Шайхымеденұлы,

Теңіз ауылдық округінің зейнеткер ақсақалы