Техникалық су берілуде

(0 Votes)

Есеп беру жиынында жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді тілге тиек еткен Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қ.Ғаббасов: - 2018 жылы Жұмекен ауылының орталығына бұрынғы ескі желімен тәулігіне 1 мезгіл техникалық су берілді.

Бұл ауданымыз бойынша өзге округтерде жоқ. Өткен жылы Көнеу елді мекеніне таза ауыз су тарту жоспарланған болатын, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, ақпан айында пайдалануға берілмекші. Ауыл азаматтарының қолдауымен аз қамтылған Зәуреш Ережепованың тұрғын үйіне табиғи газ тартып, жылу қазандығы орнатылды. Осы ауылдың тумасы Мұғал Махымғалиев «Атамекен» ҚР ҰКП-ның қолдауымен «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Әр ауылға бір қамқоршы» жобасы аясында өз қаражаты есебінен Жұмекен ауылының Азаттық көшесіне 10 жарық шамын орнатты. Жыл ішінде Құрманғазы сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің директоры Бержан Кенжебаев округімізде өткен шараларға үнемі демеушілік көрсетті.

Айта кетер жайт Жұмекен емханасының ғимараты ешқандай сын көтермейді, ескі үлгіде. Күрделі жөндеуді немесе жаңасын салуды қажет етеді. Балабақшада спорт залы ойын-оқу бөлмесімен біріктірілген, гимнастикалық құралдармен қамтылуы төмен. Арнайы спорт залы болмағандықтан дене шынықтыру жаттықтырушысы берілмей, бұл жұмыс тәрбиешілерге міндеттеліп отыр. Округтегі мектепте жылдан-жылға оқушылар саны көбейіп келеді, соның ішінде бастауыш сыныптар екінші қабатқа сыймай, мектеп алды дайындық тобы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмесе де ескі музыка мектебінің ғимаратында 3 топ болып оқытылуда. Кобяков су арнасын кеңейтіп, оны теңіз тамағына қоспаса су болмай қалу қаупі бар, - деді.

Еңбекші ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Қалиев аудан әкімі Б.Шаяхметовке дертінен сауығып орталарына аман-есен оралғанына тұрғындардың қуанышты екенін жеткізді. Одан әрі округ әкімінің жұмысына жақсы баға беріп өтіп: - Қандай жұмыс болсын, шара болсын көмектесіп отырған аулымыздың кәсіпкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бәрі де солардың қол ұшын беруімен шешімін табуда. Бүгін осы шараға Бибоз Байдәулетұлының қатысып отырғанын пайдаланып ардагерлерді демалту мәселесі ескерілсе деген ұсынысымды айтамын. Бұл жөнінде аудандық ардагерлер кеңесіне хат та жібердім, әзірге нәтиже жоқ. Қашыққа баруға мүмкіндік болмаса облысымыздағы, республикамыздағы демалу-сауықтыру орындарына жылына 2-3 адамнан жіберіп тұрса жақсы болар еді. Жұмекен емханасында жоғары білімді дәрігер мамандардың жетіспеушілігі де біраз қиындық туғызуда. Дәрігермен қамту мүмкін болмаса графикпен аудан орталығынан келіп тұрса дейміз, - деді.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер А.Даваева: - Еңбекші ауылының аудан көлемінде жақсы аты шығып жатса, мұны «Мың қосшыға бір басшы», деп қазақ айтқандай әкіміміздің өз жұмысын жақсы атқара білгенінің нәтижесі. Үлкен-кішімізді үнемі қамқорлап отырады. Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп жариялап отырғанына қуаныштымын, - деп ауылға жарық жүргізген, Астанадан медициналық орталық ашқан, аз қамтылған отбасына газ жүргізген ауыл жастарына ризашылығын білдірді. Ардагер ұстаз Злиха Отарбаева мектепте дарынды балаларды тәрбиелейтін үйірмелер саны көбейсе, ауылда джи-джитсу сияқты спорт түрін үйрететін мектеп ашылса деген өз ұсынысын ортаға салды. Батыр ана Жанна Турчеева өзіне көрсетіліп отырған көмектер үшін округ әкіміне ризашылығын жеткізіп, енді алға қарай тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесуін сұрады.

Аудан әкімі Б.Шаяхметов: - Азғыр өңірін үш жылда үш мәрте аралап көрген Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының қамқорлығымен қыр бойына 10 млрд. 600 млн. теңгеге газ тартылуда. Бұл өңірдегі 3 округ, 9 елді мекенде 7 мыңға тарта халық тұрады. Қырдағы Қошалақ ауылы осы округке кіреді. Мұны қоғамымыздың адам өмірін жақсартуға, 285 шақырымдағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жасауға бағытталған игі қадамы деп білеміз. Биылғы жылы Асан, Үштаған ауылдарына ауыз су желісі тартылады. Бұрын Азғыр өңірі электр жарығы бойынша Ресейге тәуелді болып келсе, енді Құрманғазы-Асан электр желісінің құрылысы біткеннен кейін өзімізден алады. Сол сияқты Кадіркі ауылында 60 пәтерлік екінші тұрғын үйдің салынуы немесе басқа да жұмыстардың атқарылуы барлығы мемлекеттің сіздерге үлкен қамқорлығы, - деп округ әкімі жұмысын жақсы бағалап, мұның бәрі осындағы ардагерлер ұйымы, аудандық мәслихат, қоғамдық кеңес, басқа да ұйымдардың халықпен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі екенін жеткізді.

Қ.Ғұмаров.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521