№18 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Зиноллаұлы Зинуллин Құрманғазы ауданының Теңіз ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, кейбір бөлім, мекеме басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Кездесуді аталмыш округ әкімі Анарбек Баймұханов ашып, ауылдың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар етті. Мінберге көтерілген облыстық мәслихат депутаты Ө.Зинуллин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан іргелі істерді қаперледі. – Бүгінде Атырау облысында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы негізінде 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүруде. Оның 34-і, яғни 2164 пәтер осы жылдың аяғына дейін беріледі. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру мақсатында көлемі 1400 га жер бөлініп, жаңа ықшам аудандарда 430 көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда. 2017 жылы екінші деңгейлі банктер арқылы 8,6 млрд. теңгенің несиесі берілсе, биыл бұл көрсеткішті екі есеге көбейту қолға алынуда.
Облыстағы 3 жоғары оқу орнында 12421 студенттің 1600-і мемлекеттік грант негізінде оқиды. Биылғы жылы облыстық бюджет есебінен 300 грант бөлінгелі отыр. Аймақта 25 колледждегі 17178 жастың 8560-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда. Жатақхананы қажет ететін 1450 студент тіркеліп отыр.
Шағын және орта бизнес үшін несие көлемін арттыру мақсатында соңғы 6 жылда жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, ауылдарда 600-ге жуық жаңа жұмыс орындары мен 300-дей бизнес нысандары ашылды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылы 840 млн. теңгеге 146 жоба қаржыландырылса, биыл оның санын 266-ға көтеру жоспарлануда.
Елді газбен қамтамасыз ету бойынша былтыр 7 мыңның үстінде халық тұратын Азғыр өңіріндегі 10 елді мекенді газдандыру жұмыстары басталды. Ұзындығы 365 шақырымды құрайтын магистральды газ құбырының 116-сына тұрба тартылды, - дей келе, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде «Атырау-Астрахань» тас жолының жөнделуі жөнінде Үкімет сағатында айтылған мәліметтерді келтіріп, кешеуілдеу себебі қаржыландыру көзі «Ислам даму» банкі бұл жобадан шығып отырғанын, басқа шешу жолдары қарастырылып өзге банкілермен келіссөздер жүргізіліп жатқанынан құлағдар қылды. Одан әрі халық қалаулысы ел өміріндегі өзекті мәселелерге тоқталып, 2018 жылғы Атырау облысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын хабардар етті.
Жарыссөзде зейнеткер Темірхан Қауысов колледжде ақылы негізде оқитын немересін алдағы уақытта тегін оқумен немесе жатақханамен қамтуды сұрап, шаруа қожалықтарын мал азығымен қамту жайына тоқталды. Ауыл тұрғындары Қыдыр Рахимов шабындық жерлеріне қатысты кейбір қиындық туғызып отырған жайттарын алға тартса, Жоламан Ізмұхамбетов тұрғындар осы уақытқа дейін ауыз судың азабын тартып келетінін ашына айтты. Иесіз қалған су жүйесі тезірек сенімгерлік басқаруға берілсе деген көпшіліктің ортақ тілегін жеткізді. Еңбек ардагері Ұзақ Жадығұлов ауылға ат басын бұрып, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдауға келген облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Зиноллаұлына зор ризашылығын білдіріп, сумен қамту мәселесі бойынша ауданда жұмыс тобы құрылып, оны қатаң қадағалауға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, ол ауылда бой көтеріп жатқан Гагарин атындағы мектепке кезінде осында өзі оқыған, ұстаздық еткен әлемге танымал классик-жазушы, марқұм жерлесіміз Рақымжан Отарбаевтың есімін беруді жөн көретінін алға тартты. Көп балалы ана М.Құспанова ІІ топтағы мүгедек жолдасының портал арқылы ауруханаларға жатқанда аудандық емхананың беретін анализдері үнемі уақытынан асып кетіп, пайдаға жарамайтынын, балабақшаға кезексіз орналасуы қажет ұлының әлі күнге оған бара алмай отырғанын тілге тиек етті.
Облыстық мәслихат депутаты Ө.Зинуллин көтерілген мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын айтып, оларды шешуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов қорытындылап, ел сенімін ақтауға тырысып жүрген халық қалаулысының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айнагүл ШАКУПОВА.