Теңге тұрақтап тұр

(0 Votes)

«Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда», - деген сөз бар. Бірақ, қазір сол ақшамыз талтаңдайтындай болмай тұрғаны жаман. Жаратып жібергенде базарға алып барған «қыруар қаражатыңның» қайда кеткенін байқамай да қаласың. Осыны көріп, Одақ кезіндегі рубльді еске түсіресің. «1 сомың ақша еді-ау. Теңге де сондай болса ғой», - деп армандап та кетесің. Бірақ, Қазақстан 15 елдің жерінің асты мен үстіндегі бар байлығын қолына ұстап, өз игілігіне жаратқан КСРО емес. Дамыған мемлекеттердің қатарынан орын алуға ұмтылып отырған дамушы елміз.

Соңғы кездері теңге тұрақтай бастағаны өздеріңізге мәлім. Өткен жылдың соңғы айларында 1 долларға шаққандағы бағамы 370 теңге болып тұрған. Ақпан айының 20-сы күні тек 6 теңгеге өсіп отыр. Жыл басында 380 теңгеге дейін жетіп, кері төмендегенін білеміз. Доллар тым шарықтап кетсе, азық-түлік пен тұрмыстық заттардың бағасы да өсетіні анық. Былтыр кейбір сарапшылар жыл соңына дейін бір «көк қағаз» 450 теңгеге дейін баратынын айтып, қара аспанды төндірген. Алайда, олардың бұл болжамы ақталмады. Банкіде салымы жоқ, басында бірнеше несиесі бар қарапайым халық үшін теңгенің құны төмендемегені тиімді.

Қаңтар айында елімізде инфляция 0,5 пайыз болған. Өткен айда азық-түлік бағасы 1,3%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,3% өссе, ақылы қызметтер 0,2% арзандаған. Жыл басталғалы көкөністер 12,2%, жұмыртқа 2,1%, күріш 1,3%, құс, жылқы еті 1,2%, сары май 1,1%, шұжық өнімдері 0,9%, ет өнімдері мен ұннан жасалған тағамдар 0,8%, қой еті 0,7%, макарон өнімдері, күнбағыс майы, кондитер өнімдері 0,5% қымбаттаған. Темекінің бағасы 3,6%-ға артса, алкоголді ішімдіктер мен қант-құмшекер 1,4%-ға түскен. Киім-кешек пен аяқ киімдер 0,5%, дәрі-дәрмек, жиһаз бен үй жабдықтары 0,8%, автокөліктер 0,7%, жуу және тазалау құралдары 0,6% көтерілсе, көмір 1,7%, жағармай 1,2%, баллондағы сұйық газ 0,3% арзандап отыр.

Ұлттық банктің болжамынша 2019 жылы инфляция 5-6 пайыз төңірегінен аспайды. Нарықтың жағдайын жақсы білетін сарапшылар Қазақстанның ұлттық валютасының 1 долларға бағамы 373-377, еуроға 425-430, ресейлік рубльге 5,63-5,66 көлемінде болатынын айтуда. Ертеңіне оптимистік көзқараспен қарайтын ұлтпыз. Ең бастысы еліміз тыныш, іргеміз берік болсын.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521