Тазалық акциясы өтті

Аудан тынысы

Құрманғазы ауылдық округі жыл басында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында тазалық акциясын ұйымдастырған болатын.

Жыл бойы жалғасқан акцияның мақсаты ауылымызды көркейту, абаттандыру, тұрғындар назарын айналасын таза ұстауға аудару. Соған орай «Таза ғимарат», «Таза кіре беріс дәліз» (подьезд), «Таза аула» деген үш аталым белгіленді. «Таза ғимарат» аталымына аудандық экономика және қаржы бөлімі лайық деп табылды. Өйткені, бұл бөлім қызметкерлері өз күштерімен отырған ғимараттарының алдын таза ұстап, жазда гүл өсіріп, жайнатып қояды. Бөлім басшысы Гүлнар Хасанова өз тарапынан ризашылығын білдіріп: - Бізді осылай марапаттап жатқандарыңыз үшін үлкен рахмет! Қолымыздан келгенше ғимаратымыздың алдын ластамауға тырысамыз. Мұнда ұжымымыздың да үлесі зор. Айналамыздың таза болғаны бәрімізге де жақсы. Алға қарай да туған жерімізді көркейте түсуге жұмыстанамыз, - деді.

Келесі кезекте Үлкен Ганюшкиндегі 16 пәтерлік тұрғын үйлердің біріне жеттік. Мұндағы кіре беріске пластик есік орнатылыпты, алды тап-таза. Екінші қатарға көтерілетін баспалдақтың да жақтауы сырланып, жоғарындағы терезеге штор орнатылған. Бұл үйде осы жұмыстарды ұйымдастырып отырған мемлекеттік қызмет ардагері Маийна Дощанова «Таза кіре беріс дәліз» аталымымен ұлығыланды.

– Осы қос қабатты үйде 30 жыл бойы тұрып келемін. Содан бері мұндай аталымды алғаш рет алып отырмыз. Бұл осында орналасқан барлық пәтер иелеріне көрсетілген ортақ құрмет деп есептеймін. Ертең бәрін жинап көрсетемін. Көршілерім жақсы, тазалыққа үнемі атсалысады. Бір жылы астымыздағы жертөле суға толып кетіп осы Мұрабекке бардым. Ол кезде аудан әкімдігінде жұмыс істеп жүрген. Бір ауыз сөзге келмей аудан әкіміне кіргізді. Амангелді Кеңесұлы бірден су соратын автокөлік бөлгізді. 30 тоннадай су шығарылды. Содан бері асты құрғақ. Жылда көршілер болып ақша бөліп, жертөледегі құбырларды өз күшімізбен жөндетіп, су жинала бастаса сорғызамыз. ПИК сияқты жұмыс жасаймыз. Кім қандай ақша берді, қайда жұмсалды бәрі жазылып, есептеледі. Аталған жұмыстарды ұйымдастыру үшін қаржыны осы айда маған жинап берсе, келесі жолы басқа бір көршімізге тапсырамыз. Округ әкімі қызметін өзім де атқардым ғой. Оңай шаруа емес. «Жас келсе іске» дегендей, мына Мұрабек Рифхатұлының көтеріп отырған бастамасын қолдаймын. Мұндай шаралар басқаларды да айналасын таза ұстауға ынталандыра түседі деген сенімдемін. Тазалықты сақтау бәріміздің ортақ парызымыз. Өзім күн сайын осы кіре беріс дәлізді бір сыпырып шығуды міндетім деп білемін, - деді. Ал «Таза аула» аталымы Кіші Ганюшкин мөлтек ауданының тұрғыны Болатбек Мусағалиевке ұсынылды. Азаматтың өзі ауылда болмауына байланысты анасы қабылдап алып, ризашылығын білдірді.

Бізбен әңгімесінде Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім: - Келесі жылдан бастап тазалықты сақтауды арнайы конкурс ретінде ұйымдастырамыз. Жыл басында жариялап, соңында қорытындылаймыз. Әзірге мұны қалғандарына үлгі ретінде өткіздік. Ақпарат құралдарына шыққаннан кейін басқа адамдар да өз көшесін, үйінің ауласын, ғимараттардың кіре берісін осындай дәрежеге жеткізеді деген ойдамыз. Ауыл тазалығын сақтау бір ғана әкімнің қолынан келмейтіндіктен тұрғындар бұған белсене атсалысады деп есептеймін. Тазалықтан күн сайын хабардар болып отыру үшін WhatsApp әлеуметтік желісінен топ аштық. Оны жүргізіп отыратын арнайы маман бар. Нөмірі 8778 296 23 22. Қоқи бастаған жерлерді суретке түсіріп осында салып отырса, біз міндетті түрде сол жерден табыламыз. Барамыз, шарасын аламыз. Әкім мен аппараты біреу, көрмей жатқан жерлеріміз де болар. Халықтан көмектесуді сұраймыз. Бірақ, әбден қоқығаннан кейін емес, қоқи бастағанда хабарласса дейміз.

Айналаға қоқыс тастағандарды көрсеңіздер бізге хабарласыңыздар. Осыған дейін 67 адамға айыппұл салдық, 47 тұрғынға ескерту жасалды. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы өз елімізге деген патриоттық сезімнен, туған жерімізді гүлдентсек, өркендетсек деген ниеттен туындап отыр. Мен қоқыстан тазарту жөнінде тапсырма бергеннен кейін кешке міндетті түрде сол жерге барып қараймын. Жасалмаса екі күннен кейін тағы барамын. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ