Талды егу бар да, өсіру бар

Аудан тынысы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен шарада аудан орталығындағы Тәуелсіздік паркіне ағаш отырғызылды.

Айта кетейік, бұл демалыс алаңына тал-теректердің бірінші рет егілуі емес, екіншісі де емес. Тіпті, «ер кезегі – үшке дейін» деп те осылай алаулатып-жалаулатып ағаш отырғызылғаны оқырмандардың есінде шығар. Әйтеуір, көктем мен күзде «өсіп кетер» деген ниетпен шыбық шаншылмай қалған кезі жоқ. Дегенмен, тамыр алып, жайқалып кеткен бірі жоқ. Паркіміз жақсы, тас жолы төселген, саялы отырғыштар орнатылған. Адамға ой саларлық әдемі композициялық мүсіндер де өзіне тарта түседі. Бір кемшілігі, жасыл-желектен, гүлзарлардан ада, қысы-жазы сұрқай өңмен қарсы алады. Сондықтан да шығар, келіп демалушылар өте аз.

Шара басталарда осыны айтып сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров акцияға қолдау білдіріп келген еңбек ұжымдарының игілікті істеріне сәттілік тілеп, алғашқы талды өз қолымен отырғызды. Абай, Ломоносов, Әуезов атындағы орта мектептердің ұжымы, аудандық ХҚКО, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің, Құрманғазы ауылдық округі аппаратының қызметкерлері өздеріне бөлініп берілген жерлерге тал-теректер отырғызды. Акция аудан орталығындағы көгалдандыру жұмыстарын тендерден ұтып алған жеке кәсіпкер Серік Баязитовтың басшылығымен жүргізілді. Бұл мақсатта ол өзі жүріп Сафондағы орман шаруашылығы өскінжайынан 300 түп терек әкеліп, парктің суғару жүйесіндегі кем-кетіктерді түзеді.

– Бірер жыл бұрын Аққыстаудың ақсортаң топырағына да жайқалтып терек шығарған едім, оған қарағанда құнарлы. Күтімін келтіріп, минералды тыңайтқыштармен демдеп отырса, өспейтін ағаш жоқ. Алдағы жылда мұнымен кім айналысатынын білмеймін, менің міндетім мойныма алған соң бәрін үйлестіріп кетемін. Көктемде көгеріп шығып, тамыр алып кетеді, - дейді кәсіпкер.

А.НӘЖІМОВ.