Такси мен жүзбелі өткел төлемі арзандады

(0 Votes)

Ауыл тұрғындары алдында 2018 жылы атқарылған жұмыстарынан есеп берген округ әкімі Батырбек Балтаев ауылдағы кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы және басқа салалар жөнінде хабарлап, өткен жылғымен салыстыра баяндады.

Сонымен қатар, шешімін таппай тұрған мәселелердің қатарына иесіз деп танылған электр желілерінің бағандарын, «Көптоғай-Жасталап» елді мекендерінің арасындағы жүзбелі өткел кемесі корпусының тозығы жетуіне байланысты оны ауыстыру, ауылдағы 14 үйге ауыз су жүйесін тарту, шекара бекетіне 2017 жылы салынып, қазіргі таңда құрылысы аяқталған модульдік тұрғын үйлерді қабылдап, іске қосу қажеттігін айтты. Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Қайыржан Өтепов қызметіне кіріскеніне 1 жарым ай ғана уақыт өткен жаңа әкім тұрғындар үшін ең басты мәселе – такси мен жүзбелі өткел төлемінің арзандатылуына оң ықпалын тигізгенін айтып,оның бүгінгі жұмыс қарқынына риза екендігін жеткізді. Көпір салу мәселесі шешімін таппайтын болса, жүзбелі көпір (фонтон) орнату қолға алынса деген көпшіліктің ортақ тілегін алға тартты. Өйткені, қыс мезгілінде жүзбелі өткелдің судың ортасында қалып қоюы жи кездесетінін, Қайыржан ағамыз өзі де жақында Шортанбайда осындай жағдайға тап болғанын жасырмады.Сонымен бірге, электр бағаналарын жаңарту ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып қалатынын тілге тиек етті. Зейнеткер Рая Табылдиева ай сайынғы алатын зейнетақысы тұрақты бір мөлшерде келмейтініне ренішін білдірсе, ауыл тұрғыны Сырым Бәженов ауылішілік жол салу жоспарға қашан енгізілетініне, былтырғы есеп беру жиналысында берілген тапсырмалардың қайсысы орындалғанына қызығушылық танытты. Ауыл тұрғыны Әсел Мұғалова жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туралы сөз қозғап, жүрек, инсульт ауруларына шалдыққан науқастарға тегін дәрі дәрмек берілмейтінін ашына айтты.

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров аудан көлемінде алдағы уақытта салынатын әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен таныстырып, соның ішінде Көптоғай ауылына 200 орындық клуб салынатыны туралы жағымды жаңалығымен бөлісіп, жиналысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Ол ең бірінші кезекте,электр желілері жөнінде «Атырау-Жарық» АҚ-ы филиалымен жолығып, олардың бұл бағытта қандай жоспарлары бар екенін біліп беруге жұмыстанатынын уәде етті. Сондай-ақ, жақында жүзбелі өткелден ақау шыққан кезде сенімгерлік басқарудың меншігінде тұрса да, ауыл әкімінің дабыл қағуымен екі бірдей кран жеткізіп, тез арада жөндеуге келтірілгенінен хабардар етіп, алдағы уақытта да аудан әкімдігі қолдан келген көмектерін аямайтынын еске салды. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Светлана Уахасқызы жедел жәрдем көлігін бөлуге жағдай жасалатынына тоқталып, тұрғындардың өтініш-тілектеріне орай ауылдық амбулатория салу жоспарға ұсынылғанын қаперледі.

Округ әкімі Б.Балтаев атқарған жұмысына көңіл толарлық баға алды.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521