Табысты елге айналудың айқын бағдары

Аудан тынысы

Ел ауқатының өсуі – басты басымдық

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегеновтің қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халқына арнаған кезекті Жолдауын түсіндіру және Жайық, Қиғаш өзендері арналарын тереңдетіп қазу жұмыстарының жайымен танысу, балық шаруашылығын дамыту, оның ішінде өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындарды қолдау, аңшылық пен балық аулау туризмін дамытуға қатысты мәселелерді талқылау мақсатында жиналыс өтті. Оған аудан әкімі аппараты, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім мен мекеме басшылары, қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері қатысты. Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев ашып, күн тәртібіне тоқталып, Сәрсенбай Құрманұлымен бірге келген қонақтарды таныстырды. Олар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Kazach Tourism ҰК» АҚ басқарма мүшесі, басқарушы директоры Мая Ерболатқызы, «Павлодар өзен порты» АҚ президенті Тілеубек Нұрсейітов.

 

Алғашқы сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еңсегенов: - Елбасының тікелей эфир арқылы қазақстандықтарға арнаған 23-ші Жолдауының мәні мен маңызы бұрынғыдан да ерекше болды. Маңызды құжаттың әрбір тармағында Мемлекет басшысы тиісті сала министрі мен әкімдерге, жауапты тұлғаларға жүзбе-жүз арнайы тапсырмалар бере отырып, міндеттерді нақтылай түскенін өздеріңіз көріп отырдыңыздар. Бұл әр азаматтың әл-ауқаты әрдайым Елбасының басты назарында екенін, сондықтан да, еліміздегі нақты әлеуметтік мәселелердің маңыздылығын көрсетеді.Жолдауды Президент 1 сағат 57 минут таныстырды. Бірінші бөлім «Халық табысының өсуі» деп аталады. Онда адамнан ең алдымен еңбекқор болуы, өз кәсібін жақсы меңгеруі талап етіледі. Сонымен қатар, өз бизнесін ашып, ісін жүргізгендер табысты болатыны айтылады. Елбасы атап өткендей, қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы бірінші кезекте өмір сапасының артуы мен кірістерінің тұрақты өсуіне байланысты болып отыр. Президенттің алға қойған ең басты тапсырмасы – кәсіпкерлікті қолдау және оны дамыту. Осы бағытта бұл бөлімде жаңадан тың ұсыныстар айтылып, оларды жүзеге асыратын қаржы мәселесі толықтай шешімін тауып отыр. Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42000-ға дейін өсіруді тапсырды. Бұл еліміз бойынша 1 млн. 300 мың адамның, оның ішінде 275 000 бюджеттік мекемелер табысын еселейтін үлкен қолдау деп түсінеміз. Осы игі істі жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттен жыл сайын 96 млрд. теңге бөлу тапсырылды.

Ауданымыз туризмге сұранып тұр

Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау. Бұл тұрғыда әрбір облыс, аудан өзінің ерекшелігін ескеруі тиіс деп ойлаймын. Мәселен, Атырау облысының Құрманғазы ауданы еліміздің батыс қақпасы деп есептейміз. Осы жерде бизнесті өркендетудің қандай тұрақты көздері бар? Яғни, ауыл шаруашылығын өркендету, балық шаруашылығын жетілдіру, әсіресе өңдеу кәсіпорындарын қолға алу, сонымен қатар, ішкі және сыртқы туризмді дамыту бүгінде өңірдегі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі де бірегейі. Кеше ғана «Kazach Tourism ҰК» АҚ өкілдерімен бірге француз, «Каспий балық» ӨК-нің, «Қиғаш» базаларында болып, олардың тыныс-тіршілігімен таныстық. Аталмыш туристік базаларда да өзге ұлт өкілдері, яғни, француздар мен Ресей федерациясының адамдары демалып, балық аулаумен айналысуда екен. Құрманғазы ауданында осы саладағы туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл жерде іскер азаматтарымыз өздерінің күшімен мүмкіндігі алған деңгейде ғана жұмыстарын жасауда. Енді судың жағасындағы қалған жерлерді жергілікті әкімшілік жер комитетімен бірлесіп қарап, жұмыс жасаймын дегендерге берсе, бұл табыстың тұрақты көзі болатыны анық.

Сонымен қатар, «Kazach Tourism» ұлттық компаниясының қызметкерлерімен бірге Қазақстанның аумағы бойынша тек қана біздің жерде өсетін «Лотос» гүлін тамашалап қайттық. Ол бүкіл әлемде сұранысқа ие. Оны көруге әсіресе шетелдіктердің ынта-ықыласы жоғары екен. Өйткені, келушілердің дені солар көрінеді. Бұл да біздің жеріміздің ерекшелігін танытады. Осыған орай, компания қызметкерлері «Лотос» фестивалін өткізу, т.б. туралы әртүрлі ұсыныстарын жеткізді.Оның бәрі үлкен жарнама жасауды талап етеді. Сонымен қатар, компания өкілдері балықшылар күні қарсаңында ауданымызда республика көлемінде шетелдіктердің қызығушылығын тудыратын «Fishбармақ» балық асу конкурсын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Мәселен, Санкт-Петербург қаласында сәуір айындағы балық аулау кезеңінде Нева өзенінің жағасында аталмыш байқауларды жиі өткізеді. Соған шетелдіктермен бірге жергілікті халық та қатысып мәре-сәре күй кешеді. Міне, бізде де осындай тың ойларды жүзеге асыру керек шығар. Президент өз Жолдауында мұндай мәселелерге арнайы көңіл бөліп отыр.

Тереңдету жұмыстары қарқын алды

Елбасы Жолдауда бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуді назарға ұсынды. Үкіметке қысқа мерзімдегі туризм жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Туризм деген бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер үшін табыс табудың бірден-бір жолы. Мәселен, Құрманғазы ауданындағы 3-4 ерекшелікті пайдалана отырып, Президент Жолдауындағы тапсырманы жүзеге асыруға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта аңшылық, балық аулау салаларына кәсіпкерлер көңіл бөлуді қолға алса, мемлекет тарапынан зор қолдау болатыны белгілі.Сонымен қатар, маңызды құжатта экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде тапсырма берілді. Біз «Павлодар өзен порты» АҚ Президентімен бірге Қиғаш өзенінің тереңдету жұмыстарымен танысып қайттық. Тамыз айындағы сапарымыздан кейін біршама істер тындырылғанына көзіміз жетті. Арнаны қазатын техника өзінің жұмысына кіріскен. Новинск арнасы арқылы Каспий теңізінің кіре берісіндегі жерді қазу басталған. Онда жүрген мамандардың айтуынша, теңізге қарай 200 метрге дейін жер қазылғаннан кейін, одан әрі Құрманғазы ауылындағы көпірге дейін жұмыс жалғасын табатын болады. Жаркөсе арнасынан теңіздің тамағына дейінгі 28 шақырым жер қазылады. Жобаға кірмей қалған тұстар бар. Оған қосымша өзгеріс енгізу мәселесі қолдау тапса, мердігер компания оны жасауға дайын екендігін айтты.

Тағы бір айта кететін мәселе, ҚР экологиялық Кодексінің 257 бабында Жайық пен Еділ өзендерінің қазақстандық бөлігінде 1 сәуір мен 15 шілде аралығында, яғни көктем, жаз мезгілдерінде құрылыс жұмыстарына тыйым салынған. Сондықтан, үш жыл ішінде қазу жұмыстары аяқталмайтыны белгілі. Қараша айының басында бұл мәселе Энергетика министрлігі экология комитетінің төрағасымен және экологтардың басқосуымен талқыланатын болады, - дей келе, сенатор «агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру», «тұрмыс сапасын арттыру», «өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» бөлімдері жөнінде түсінік беріп, ұлт денсаулығы – басты парыз, ұрпақ біліктілігі ұстаз беделіне байланысты екендігіне тоқталды. Автокөлік жолдарына қатысты Қандыағаш-Мақат автокөлік жолдарының құрылысы басталғанын, мердігер компаниялар жұмысын жасап жатқанын тілге тиек етіп, енді әрмен қарай «Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысы жалғасын табатынын жеткізді.

Айнагүл Шакупова.