Тәуелсіз елдің қасиетті тұмары

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері күніне орай «Ел беделі – мемлекеттік рәміздер» атты салтанатты шара өтті.

Алдымен мемлекеттік рәміздерді әскерилердің «Құрметті қарауыл» патриоттық әуеннің ырғағымен алып кірді. Шарада Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Бекжановтың баяндамасы тыңдалды. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов құттықтау сөзінде: «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы - осы» деген Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнау сөзін Қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы тиіс. Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз! Әнұранымыздың сөзін жазғанның бірі жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденов екені баршаға аян, сондықтан рәміздер күнін ерекше атап өту үлкен жауапкершілікті қажет етеді, – деп қорытындылады аудан әкімі өз сөзін. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің 10-шы сынып оқушысы, халықаралық байқаулардың және республикалық олимпиадалардың жүлдегері Нұржахан Ғалымова өз лебізін білдіре келіп, замандастарына: – Мен Астана қаласында өткен «Патриотизм - рухани жаңғырудың іргетасы» атты II республикалық жас патриоттар форумына қатысып келдім. Өз елімнің патриоты ретінде мен өз құрбы-құрдастарым мен жас ұрпақты тәуелсіз еліміздің жарқын болашағына біліммен үлес қосамын деп сендіргім келеді. Ақылдың күшіне сенген, арманын мақсатына айналдырған, бәсекелестіктен қаймықпайтын тек алға қадам жасайтын ұрпақпыз! Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздердің мәртебесі асқақтай берсін, – деп жалынды тілегін жеткізді. Салтанатты жиын соңы мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ақтілек АБАЙҚЫЗЫ,

студент.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521