Тұрғын үй көмегі кімдерге тиесілі?

(0 Votes)

- Абдуррахман Рахметұлы, осы бөлімді басқарып, Елбасымыз алға қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтардың бірісіз.

Әлеуметтік сала бұл халықтың аз қамтылған бөлігі үшін ең қажетті бағдарламалардың орындалуына үнемі атсалысып отыратындықтан жұмыстарыңыз әрдайым көпшіліктің назарында. Сізбен бүгінгі әңгімемізді тұрғын үй көмегі жөнінде қозғасақ дейміз. Алдымен ол қашан тағайындалғаны және кімдерге тиесілі екені жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?

- Аталған көмек ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына, 2009 жылғы 14 сәуірдегі «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы», 30 желтоқсандағы «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» қаулыларына сәйкес әзірленді және Құрманғазы ауданында тұратын аз қамтылған отбасылары мен азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды. Жаңа айтқанымдай бұл көмек аз қамтылған отбасылары мен азаматтарға және кондоминиум нысанын басқару жөніндегі міндетті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға тиесілі. Көрсетілетін қызметті беруші – тұрғын үй қатынастары саласындағы функцияны жүзеге асыратын атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері. Оны тағайындағанда тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы үш ай ішіндегі сол отбасының немесе азаматтың кірістерінің жалпы сомасы есептеледі.

- Бұл көмек не үшін беріледі?

- Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Құрманғазы ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға, тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары болып табылатын адамдарға коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақы өскен жағдайда байланыс қызметтерін тұтынуға, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын өтеуге беріледі. Аз қамтылған отбасылардың немесе азаматтардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады. Өтініш иесі табыс туралы толық емес немесе теріс мәліметтер ұсынған жағдайда жиынтық табысты есептеу жүргізілмейді. Тұрғын үй көмегін алушы он күн мерзімде оның мөлшерін өзгертуге және оны алу құқығы үшін негіз бола алатын жағдайлар туралы өкілетті органға хабарлауға міндетті. Еске сала кетер жайт жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі, пәтері бар немесе үй-жайларын жалға берген тұлғалар аталмыш көмекті алуға құқы жоқ.

- Оған қол жеткізу үшін қандай құжаттар талап етіледі?

- Тұрғын үй көмегін қызметін алушы немесе нотариалды куәландырылған сенімхат берілген оның өкілі алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш береді. Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, отбасының кірісін растайтын құжаттарды, тұрғын үйді немесе ғимаратты күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы, коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттарды, телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шотты болмаса байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесін, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шотты ұсынады. www.egov.kz порталына көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу, отбасының табысын растайтын құжаттардың, тұрғын үйді немесе ғимаратты күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері, коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттардың, телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмелері жолданады.

- Сөзіміздің басында оны тағайындағанда отбасының немесе азаматтың кірістерінің жалпы сомасы ескерілетінін айттыңыз. Ол қалай есептеледі?

- Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде қандай нәрселер қаперге алынатынына тоқталсақ, оған еңбекақы, шаруа қожалығынан түсетін, әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыстар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жеке кәсіпкерліктен және тағы басқа да кәсіп түрінен түсетін кіріс, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түріндегі табыс жатады. Жеке қосалқы шаруашылығынан, егілген ауылшаруашылық өнімдерінен, мал, құс ұстау және өсіруден алынған кірістер жеке қосалқы шаруашылық туралы қосымшадағы мәліметтерге сәйкес есептеледі. Жалдамалы жұмыстан алған кіріс пен аталған кірістерді қоспағанда туыстары мен басқа тұлғалардан көрсетілген қаржылай және тағы басқа да көмек түрі де есептеуден тыс қалмайды. Айта кетер жайт егер де кірістің 5 пайызы отбасының коммуналдық шығынынан асып кеткен жағдайда тұрғын үй көмегі көрсетілмейді.

- Бұл көмек қалай жүзеге асырылады?

- Аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға тұрғын үй көмегі төлемін қаржыландыру аудандық бюджетте осы мақсатқа сәйкесті жылға қаралған қаржы есебінен жүзеге асырылады. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейлі банктер арқылы орындалады. 2017 жылдың 10 айында 64 отбасындағы 347 адамға 3578,5 мың теңгенің тұрғын үй көмегі тағайындалса, 2018 жылдың 10 айында 56 отбасынан 296 адамға 4824,1 мың теңге мөлшерінде төленді. Биыл бұл көмекке аудандық бюджеттен 5 млн.870 мың теңге қаржы қаралған болатын. Жыл аяғы болып та қалды. Облыс басшысы бөлінген қаражатты халық алып қалса деген ниетте. Сондықтан тұрғын үй көмегін алғысы келгендер болса бізге хабарласуларына болады, есігіміз әрдайым ашық. - Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болып, ел ықыласына бөлене беріңіздер!

Сұхбатты жүргізген Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521