Тұншығу қаупі туындамаса да...

Аудан тынысы

Қазіргі уақытта ауданымыздың экономикасына едәуір пайда келтіріп отырғаны балық кәсіпшілігі екені сөзсіз.

Су маржаны Қиғаш өзені бойындағы балықшы ауылдардың бірден-бір тіршілік көзіне айналып отырғаны да шындық жайт. Кейінгі кездері балық-байлығымыздың азайып кету қаупі туындап отыр. Мұның бір себебі, мелиорациялық жұмыстардың жүргізілмеуі десек, өткен жылдан бері өзен арналарын, теңіз сағасын тереңдету шаралары бастап қолға алынды. Аудандағы табиғат қорын пайдаланушылар өздеріне бөлініп берілген аумақтарынан жазда шабақ құтқару, қыста балықтың мұз астында тұншықпауының қамын жасайды.

«Каспий-Балық» өндірістік кооперативі жылдағыша «Песок», «Ягодка», «Бақыт», «Булгачный» сияқты учаскелерден ойықтар ойып, айналасына қауіпсіздік белгілерін орнатты. Қыс қатты аязымен қыспаққа алмаса да, өзен мен өзекшелер бойында мұздың тұтастай тұрған жерлері көп. Әзірге балыққа тұншығу қаупі туындап тұрған жоқ. Дейтұрғанмен де, алдын алу шаралары жұмыс жоспарына енгізілді. Кооперативтің балық аулау бөлімінің басшысы Жәнібек Жаңылтпашевтің, бригадир Ержан Мұфтаховтың жетекшілігімен құрамында Қ.Жұмағазиев, А.Қапенов, Н.Ермұханов, Ш.Ғайнелов, Х.Қампышев, Н.Мұфтахов, А.Масалимов, С.Карлов, Б.Есбергенов, Қ.Байғазиев сынды балықшылар бар арнайы топ өнікті жұмыс жасау үстінде. Ойылған ойықтар күнделікті тазартылып, аэрациялық жұмыстар өз дәрежесінде жүргізіледі. Құрманғазы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарының ұсыныстары басшылыққа алынып жасалынады.

А.НӘЖІМОВ