Тұлпарлар жайлау төсін дүбірлетті

(0 Votes)

Балықшылар күніне арналған салтанатты шара ат жарысынан басталды.

i

Биыл оған жергілікті округтерден, Исатай ауданы мен Атырау қаласының Ақсай ауылынан қырықтың үстінде қыл құйрықты қатысты. Ат шабыстың өзі тай, құнан жарыстан, аламан бәйгеден тұрды. Тұяғымен жер тарпыған тұлпарлардың арасында бұрын талай жарысқа қатысып топ жарып, тері алынғандары да, бәйгеге бірінші рет қосылып отырғандары да жоқ емес. Кейбірі тыпыршып, ауыздығымен алысып, үстіндегі жас шабандоздары делбені босатса жүйтки жөнелуге әзір тұрғанын байқадық. Жүргізуші құлсарылық жігіт Думан аудан әкімі Қайрат Талапұлы Нұртаевтың бала кезінде шабандоз болып талай рет бәйге алғанын еске салып, жастарға сол кісінің жолын берсін деген жылы лебізін жеткізді. «Сабақты ине сәтімен», дегендей ауа райы да қоңыр салқын болып, самал есіп, айдын ерлері мерекесінің жақсы өтуіне табиғат та тілектестік танытқандай.Барлық қатысушылар тіркеліп, нөмір алғаннан кейін Сафон ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғали Сейтеков ақсақал батасын беріп, сәттілік тіледі.

i

Екі айналымдық, яғни 6 шақырымдық қашықтыққа шапқан 17 тайдан І орын Мақаш ауылдық округінің тұрғыны Жеңіс Әбілхайыровтың Көкқасқа атына бұйырды. Қазақтың жабы атының шабандозы Саттархан Мәуленұлы. ІІ орында ақкөлдік «Жайсан» шаруа қожалығының жетекшісі Жайсанбек Ғалиденовтің тайы Кермарал. Ораза мейрамында орын алған бұл қыл құйрықтыны тақымдаған шабандозы Арсен Қуанышқалиев. ІІІ орында жеке қожалық, ақкөлдік Ерсайын Ахмурзиннің англобуден тұқымдас Ақбақай атты тайы. Оның шабандозы Ернар Шахмарданұлы. Үш айналымдық (9 шақырым) құнан жарыстың жолына түскен 15 аттың 9-ы өзіміздің жабы, қалғаны таза ағылшын, англобуден, англоараб тұқымдас жүйріктер. Мұнда да І орынды Мейіржан Ізбергенов шабандозы болған мақаштық Ж.Әбілхайыровтың Бойтұмар атты тұлпары иемденді. Екінші болып ақкөлдік Есенгелді Хасановтың (шабандозы Әкежан Бисембай) Тасқын атты торысы келді. Исатай ауданы Тұщықұдық ауылынан келген Бердібек Берқалиевтің Айбас атты англоараб тұқымдас қызыл аты(шабандозы Медет Нұреденов) ІІІ орынды иеленді.

i

i

i

Аламан бәйге десе арқасы қозып, қиқуға баспайтын қазақ барма?! 11 сәйгүлік дала төсін дүбірге толтырып алты айналымдық (18 шақырым) жарыс жолына түсті. Олардың кейбірі жартысына жетпей шығып қалып та жатты. Ақкөлдік Ерсайын Қасымовтың англоараб тұқымдас Брилиант атты торысы мәреге бірінші болып жетті. Шабандозы Әкежан Бисенбай атты жас бала осымен үшінші жарысқа қатысып отыр. Жеңіс Әбілхайыровтың Ақбақай атты англоараб тұқымды торысы (шабандозы Мейіржан Ізбергенов) екінші болып сәрені қиды. Құрманғазылық Райымбек Ахметовтің Самбур атты жирен төбеліне (шабандозы Хайырболат Жанарыс) ІІІ орын тиді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы тай жарысының жеңімпаздарына алған орындарына қарай 50 мың, 30 және 20 мың, құнан жарысқа І-ІІ-ІІІ орындарға 70-50-30 мың, аламан бәйгеде І орынға 120, ал екінші және үшінші орындарға 80 және 50 мың теңге қаржылай сыйлық пен аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Үш жарыста да шабандоз болған Әкежан Бисембайға «Каспий-Балық» ӨК төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Жұмажан Шакупов ірі мөлшерде қаржылай демеушілік жасады.

i

i

i

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521