Тұлпар-дарын тұғырынан тайған жоқ

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жиделі» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» Зайнуллин Талапқали Сұлтанмұратұлының 70 жасқа толуына арналған «Дара туған дарын »атты кеш бенефис-шоу бағдарламасы түрінде ұйымдастырылды.

 Қаршадайынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын, тіпті төменгі сыныптарда оқып жүргенде-ақ домбыраға әуестігі болып, оны ерте тартып үйренеді. Сол әуенге, күйге деген құштарлық оны 9 сыныпты бітіргеннен кейін Гурьев музыка училищесіне алып келеді. Міне, 50 жылдың үстінде ауылдың, ауданның мәдениетін өрге сүйреп, өзі де үнемі ізденіс үстінде болып, сан жүздеген шәкірт баулыған, 400-ге жуық ән, 20-дан астам күй шығарған Т.Зайнуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде арнайы дайындалған бейнеролик көпшілікке ұсынылды. Бенефис-шоудың жүргізушілері аудандық өнерпаздар Б.Бидоллаев пен Г.Жұмалиева сахна төріне дарыны қарымын арттырған, өнері өрісін кеңейткен, мәдениет саласының жұлдызы Талапқали Зайнуллинді жан жары Мұғира Сабырқызымен сахна төріне шақырды.

Сонымен қатар бағдарламаның ережесі бойынша ауданымызға алыстан ат терлетіп келген өнер тарландарына қошемет білдіріліп, төрден орын берілді. Алдымен мерейтой иесіне туған жері, өскен ортасы, шығармашылық жолына қалай келгендігі жөнінде әңгімелеп беруі өтініш етілді. Бұған еш іркілместен Талапқали аға бірден жастық шаққа саяхат жасап, балалықтың бал дәурен кезеңдерін сағынышпен еске алды. Өзі негізін қалаған «Жиделі» фольклорлық ансамблінің құрылу тарихына тоқталып өтіп, олар былтырғы жылы Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Атырау облысының мәдени күндері аясында 1 сағаттық концертпен елордалықтардың ыстық қошеметіне бөленгенін мақтанышпен жеткізді.

Келесі сұрақ Талапқали ағайдың зайыбы Мұғира апайға бағытталды. Ол өмірлік жолдасымен таныстығы қалай басталғаны, береке мен бірлігі жарасқан отбасылық өмірі жайында көрерменге сыр шертті. Келесі кезекте микрофон тізгіні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композиторы Шәміл Әбілтайға ұсынылды. – Қазақ болып туылу қандай бақыт болса, соның ішінде құрманғазылық атанудың жөні тіптен бөлек. Ұлтымыздың қара домбырасын өз өмірімізге тұмар етіп жүргендіктен бұл аудан біздер үшін киелі. Құрманғазы бабамыз – қазақтың ар-намысы. Өйткені, азаттықпен күрескен осындай ұлы тұлғамыз болмаса, бәлкім мұндай ұлт өз Тәуелсіздігін әлі күнге дейін ала алмайтын шығар деп ойлаймын. Міне, оның рухы өзінің өнерлі баласын қолдап, мәртебесін тасытып, бүгінде халқы төрге шығаруда. Осы кешке келіп отырған Орақ, мен, Талапқали үшеуміз бірге оқып, Сейілхан Құсайыновтың «шинелінен» шыққан шәкірттерміз. «Жүйрікті құлағынан сипасаң, қарқыны үдей түседі» демекші, Талапқали сені мен бірнеше шәкірт тәрбиелеп, оларды шығармашылық биікке жетелеген қанатты пыраққа теңеймін. Сенімен біз мақтанамыз, құрметтейміз. Сен өз туған жеріңде қасиетті Құрманғазы бабаңның рухы желеп-жебеп, қазақтың күйінің Шолоховы атандың, - деп ауданымыздың 90 жылдығына орай өзі әнін, ақын Т.Дәреловтің сөзін жазған «Құрманғазы мекенім» атты жаңа әнін орындап берді.

Мерейгерге «Жібек жолы» атты шығармалары жинақталған топтамасын, сонымен бірге «Қазақстан-Нұрсұлтан» атты күйінің қолжазбасын естелік ретінде табыстады. ҚР Білім беру ісінің үздігі, одақтық, халықаралық фестивальдердің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орақ Жауырұлы өнердегі үзеңгілес інісінің өмір белестері туралы қызықты естелігімен бөлісіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ, алдағы күз айларында Талапқали Зайнуллин атындағы фольклорлық ансамбльдердің аймақтық фестивалі осы ауданда өткізілетіні жөнінде жағымды жаңалығын ортаға салып, бұл туралы облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы С.Сабырмен сөйлесілгенін айтты. Ақтау қаласынан келген қонағымыз ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры Аманбек Сүндетов мерейтой иесінің жас кезінен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болғанын тілге тиек етіп, оның облыстағы, республикадағы филармония, консерваторияларда жұлдыздары жанып еңбек етіп жүрген ізбасарларының есімдерін атады. Талапқали Сұлтанмұратұлының көптеген әндерінің сөзін жазған жазушы-журналист Таңатар Дәрелұлы балалық шағынан бері оның шығармашылығымен таныс болғанын, бүгінгі кешке мерейгерді сыйлағандықтан Алматы, Ақтау, Атыраудан бүкіл қазақ өнері көшіп келіп отырғанын жеткізіп, өзінің арнау өлеңін оқыды. Мерейгердің Оралдан келген шәкірті Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филормония жанындағы Дәулеткерей есімін иеленген халық аспаптар оркестрінің әртісі, республикалық Қазанғап атындағы конкурстың дипломанты Гүлден Бақтығалиқызы өзінің өнердегі алғашқы ұстазы жөнінде әңгімелеп, ақжарма тілегін ақтарып, ағайының «Жебелі ақын» күйін орындап берді.

Бенефис-шоу барысында Сүйіндіктегі ауылдастары атынан Құбайдолла ағаның, дарынды жастардың, немерелерінің құттықтаулары лед-экран арқылы назарға ұсынылды. Домбыра сыныбының ең кішкентай оқушысы күй орындап, кеш иесі оның өнер жолына ақ батасын берді. Бағдарламаның басты сыйлығы ретінде мерейгерге Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, суретші Төлебай Бахтыгерейдің қолынан шыққан, бояуы кеппеген портреті табысталды. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров ыстық лебізін жеткізіп, кеш иесінің иығына шапан жауып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Құттықтаулар легін Индер ауданынан келген әріптесі Серік Нысанов, Д.Нұрпейісова, Дәулеткерей атындағы балалар өнер мектептерінің директоралары М.Боқанова, Ж.Даумовалар жалғастырып, естелік сыйлықтарын ұсынды. Кеште аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жиделі» фольклорлық ансамблі де, әншілер Т.Қажыгереев, Қ.Хасанов бәрі-баршасы да Т.Зайнуллиннің «Шалқар шабыт», «Жиделі сазы», «Сағыныш», «Арман жырым ауылым», «Таубұйрат», т.б. әндерін орындады. Ұлы Берік Сұлтанмұратов әкесінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан бүгінгі кешті ұйымдастырушыларға отбасы атынан шынайы ризашылығын білдіріп, сырнайдың сүйемелдеуімен «Әкешім» әнін орындады.

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521