Шуақты кездесу

(0 Votes)

Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Жас қоғам» жеке меншік қорының ұйымдастыруымен Исатай ауданының «Жалын» мәдениет үйінде көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу кеші өтті.

Оған Исатай және Құрманғазы аудандарының белсенді жастары қатысты.

Олармен сырласып, пікір бөліскен З.Ахметова: - Мені Зейнеп апа, қазақтың келіні атандырып жүрген атамның биік рухы, қасиетті аруағының арқасы. Атаны ардақтаған, құрметтеген осы көне халықтың, қазақ халқының жүрегінен таралып жатқан ұшқындардың маған да кішкене шарапаты тигендігі, – деп сөзін бастап, бүгінде ел аузында жүрген Бауыржан атаның майдандағы батырлығынан бөлек, бейбіт күндегі өткір мінезі, қайсарлығы, турашылдығы жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Тәрбие мен тағылымға толы "Шуақты күндер", "Бабалар аманаты", "Күре тамыр" атты кітаптарының мазмұнына тоқталып, кейінгі ұрпақ бабалар тарихын жадына тоқып өссе, келешекте де ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпайтынымызды алға тартты. Ата-әже мейірімі мен ана әлдиіне бөленіп өскен балалардың түсінігі мүлдем бөлек, түйсіктері жетік, ойлау қабілеттері кең болатынын айтып, тәрбиенің түбі осы жерде екеніне жете тоқталды. Тәуелсіздігімізді баянды ету, елімізді әлемге таныту көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақтың мойнында екенін жеткізіп, жастарды тұнық тәрбиеге, сауатты, қайсар рухты болуға шақырды. Ислам дінінің құндылықтары жөнінде айтумен қатар, әсіредіншілдікке ұрынудың зардаптары төңірегінде де әңгіме қозғап, бүгінгі буынды одан алыс болуға үндеді. Аналық ақ тілегін білдірген Зейнеп апай осылайша аппақ жүрегінен сыр ақтарды.

Шараға қатысушылар өздеріне рухани нәр сыйлаған, ұлтжандылыққа баулитын кештің өтуіне ұйытқы болған құрметті қонаққа зор ризашылықтарын айтты. Аудандық жастар ресурстық орталығының бас маманы Қайыржан Бауыржанұлы кешегі қазақ жұртының салмақты болмысын сақтап, асыл текті бабалардың аманатына қиянат білдірмей, ұлттық салт-дәстүріміздің сақшысына айналған, алты алаштың ардақтысына келін болған жазушы апайға шығармашылық шабыт тілеп, Құрманғазы ауданының жастары атынан сый-құрмет көрсетіп, гүл шоғын ұсынды. Кеш барысында жастар көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алып, Батыр ата ұрпақтары туралы білді. Олардың қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарын бойларына сіңіріп, ұлтжанды азамат болып өсіп жатқаны қуантты. Соңында көрермендердің сұранысына орай З.Ахметова өз кітаптарына авторлық қолтаңба қалдырып, естелік фотосуреттерге түсті.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521