Шолақ белсендіден шошынған заман

(0 Votes)

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Құрманғазы ауылының Боздақтар алаңында салтанатты шара өтті.

Шараға аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов бастаған мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым басшылары, қуғын-сүрінге ұшырағандардың ұрпақтары Ғилман Құспанов, Сату Каменов, Талапиден Каримов, Ғаллам Мүсірепов, Жалғас Қадіров, Гүлсара Садықова, Ирина Ахмеджанова, аудан тұрғындары, мектеп оқушылары қатысты. Жазықсыз құрбан болғандар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Боздақтар ескерткішіне аудан әкімі мен аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық мәслихат депутаттарының, саяси қуғын-сүргін ұрпақтарының атынан гүлдестелер қойылды.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов өз сөзінде:

- Бүгінгі шараның мақсаты жазықсыз құрбан болған арыстарымызды еске алу екенін жаңа айтып өтті. Қазақ халқына 1937 жылғы қуғын-сүргіннің зардабы аз тиген жоқ. Одан кейінгі Ұлы Отан соғысында да талай боздақтарымыздан айырылдық. Мұның бәрі ұлтымыз үшін оңайға соқпады. Жазықсыз халық жауы болып атылып кеткендердің есімдерін кейінгі буын түгелдей біле бермеуі де мүмкін. Өткенсіз болашақ жоқ. Мынау өсіп келе жатқан жас ұрпақ бүгінгі жеткен Тәуелсіздігіміздің жолында жанын қиған аталарымыз бен аналарымызды әр кез есте ұстап, қадір тұтса екен дейміз. Бұл салтанатты шара осындай мақсатты көздейді. Жастарымыздан Елбасымыздың саясатын мемлекетімізде жалғастыратын патриоттар болуын, сабақты жақсы оқып, туған жерін сүйетін білімді де білікті азаматтар атануын сұраймын, - деді.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров қуғынға ұшыраған Алаш арыстарының есімдерін атап, олардың Қазақ елі үшін күрескендеріне тоқталып өтіп:

- Зобалаң жылдар біздің ауданымызды да айналып өткен емес. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Осындай қуғын-сүргінге ұшыраған біздің аудандағы бабаларымыздың арасында саясатқа да, қоғамға да қарсы көтерілмеген, қарапайым күн кешкен адамдар да кездесті. Бірақ, жалған айып тағылып, қудаланып, атылды. Біз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана олардың өмірін, еңбек жолын, халыққа деген шынайы көңілдерін паш етіп, насихаттап жатырмыз.Олардың өмір жолдары әлі де зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуімізді күтеді, - деп жастарды өткенді ұмытпай тарихымызды түгендей түсуге шақырды.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары атынан Ғилман Құспанов сөйлеп: - Халықтың ортасынан шыққан асыл ұлдары мен қыздары осы қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Оларды жазықсыз жазалағандар сырттан келген жоқ, өзіміздің ішімізден шықты. Мұның бәрі шолақ белсенділердің, «асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» деп социализмді күштеп орнатамыз дегендердің істегендері. Тыныштықтың өзі ауызбірлікте! Бірлік болмай, тірлік болмайды. Әуелде тегім Ақботин еді. Ганюшкинге оқуға келгенде, 4 сыныпта сол кездегі Абай мектебінің директоры: «Мен халық жауының баласы Ақботинді оқытып, сотталып кетер жайым жоқ, тегін өзгертсін», - деген талап қойды. Оныкі де дұрыс, заман сондай еді. Бізді осында алдыртқан, асырап, далаға тастамай ержеткізген нағашы апам, сол кездегі аудандық білім бөлімінің бастығы Зейнеп Шоқанова. Сол үшін ол қудаланып, «Халық жауының баласын паналатты», - деген айып тағылып, жұмысынан шеттеп, қатардағы оқытушы болып еңбек етті, - дей келе, тарихымыздың белгісіз беттерін ортамызға қайта оралтып, Тәуелсіз Қазақстанды даму жолымен бастап келе жатқан Елбасымыздың саясатына қолдау білдірді. Шараның өз дәрежесінде өтуіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің директоры Анар Мусина, әдіскері Мейрамгүл Ғалимова үлестерін қосса, оны Абай орта мектебінің ұстазы Рүстем Тоқаев жүргізді. Аталмыш мәдениет үйінің өнерпаздары Раушан Сәрсенова, Мейрамбек Сайынұлы, Айман Бердешова шараны әсем әнмен әрлеп, Бегалиев орта мектебінің оқушылары сәлемдеме жолдады. Абай, Бегалиев атындағы орта мектептердің оқушылары Ақан Қуанышов, Динара Сәрсенбаева өлеңдер оқыды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521