Шоқтығы биік азамат

(0 Votes)

Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасының «Туған жер» бөлімінің аясында «Теңіз ауданының таңдаулы зоотехнигі» аталымының, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Ғаділхан Қалиевтің 70 жасқа толуына орай аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты мәдени шара ұйымдастырылды.

Шараны ауданымызға танымал өнерпаздар Болат Бидоллаев пен Гүлзада Жұмалиева жүргізді. Кеш иесі көрермендер қошеметімен жұбайы Светлана Әбілкәкімқызымен бірге сахна төріне шақырылып, құрметті орынға жайғасты. Шараның ресми бөлігі басталар алдында мерейгер туралы бейнетүсірілім тамашаланды.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов мерейгерді құттықтап: - Мен осы ауданға қызметке келгеніме екі жылдың үстіне шықса, Ғаділхан ағаммен алғашқы күні танысқанмын. Ағамыздың ел алдында абыройлы, қадірменді азамат екенін сол күндерден бастап осы мезгілге дейін көріп жүрмін. Жаңа өмірдерегінде айтып өткендей жоғары білім алғаннан кейін осы ауданның кеңшараларында жұмыс жасап, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, шаруашылықтарды көтеру үшін бірінші кезекте бас зоотехник, мал маманы ретінде белсенді қызмет етті. Бірнеше кеңшарларда жұмыс жасап, ХХV партсъезд кеңшарында директор болып, ауданымыздың басты бағыты ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға зор еңбек сіңіргенін жаңа естідіңіздер. Одан кейін нарықтық экономикаға көшкен кезде аудан әкімінің бірінші орынбасары болып, әлеуметтік, мәдени, денсаулық сақтау салаларына жетекшілік жасап, ұйымдастыру бағытындағы қызметтерді абыроймен атқарды. Осында жұмысқа келген уақытымда ағамыз аудандық мұрағатта басшылық жасап жүр екен. Мұнда да осы саланың бір бағытқа түсіп кетуіне, тиісті құжаттарының жинақталуына үлкен мән берді. Мұрағат деген Құрманғазы ауданының өткен тарихы мен қазіргі әрбір адамның өмірдерегі хатталған жер екені белгілі. Соның бірқатар күмәнді тұстарын анықтап, жұмысын жолға қоюда өзінің өмірлік тәжірибесін пайдаланып, мұрағат басшысы қызметін биылғы жылға дейін атқарды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев: - Ғаділханның санаулы азаматтардың ішінде шоқтығы биік. Себебі, ең басты қасиетінің бірі – кемшілікке төзбеді, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады. Екіншіден, «Нар жолында жүк қалмайды» дегендей, қандай қиындықтан да қашпады. Зоотехник, сазгер, әртіс, әншінің қайсысы да бола алады,сегіз қырлы, бір сырлы. Кез-келген қызметті санаулы күндердің ішінде игерді. Бүгінгі істейтін жұмысты ертеңге қалдырып көрген емес. Тапсырылған істі шұғыл бітіру қажет болса таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін жүреді. Өзі де ұйықтамайды, өзгені де ұйықтатпайды. Зейнеткерлікке шыққанда да мұрағатты басқарып, қызметі ел көңілінен шықты. Небір асыл ағаларымыздың тектік құжаттарынан көрме ұйымдастырып халыққа таныстырды. Өмірден өткен оларды көпшілікпен қауыштырып, абыройын асқақтатты. Бұл елін, жерін сүйетін сезімтал азаматтың ісі. Жүрегі жұмсақ, адамға қолынан келген көмегін аямайды. Оны көріп те жүрміз, - деп, денсаулық сақтау саласының ардагері Зейнетолла Ақбанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетовпен бірге мерейгерге шапан жауып, Құттықтау хат пен естелік сыйлығын табыс етті. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов мерейгерді құттықтап, аудандық мәслихаттың аппараты мен депутаттар корпусы атынан сый-сияпатын ұсынды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521