«Samira» дүкені есігін айқара ашты

(0 Votes)

Елбасымыздың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасап жатқан қолдаулары аудан өмірінен де көрініс табуда.

Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, адал еңбегімен өзінің шаруасын дөңгеленткен жас кәсіпкерлеріміздің қатары жылдан-жылға толыға түсуде. Соның бірі ауданымызға белгілі азамат Қадыр Боханов ағамыздың ұлы Тұрарбек. Ол 2006 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін кеден ісі мамандығы бойынша бітірген соң біраз уақыт жұмыссыз жүреді. 2011 жылы жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, «Серпер» базарында тұрмыстық тауарларды сатуды бастайды. Енді, міне, жаңа жыл алдында тұрғындар сұранысын өтеп, елге қызмет ету мақсатында өз қаражатымен «SAMIRA» тұрмыстық заттар дүкенін ашып отыр. Шараны ауданымызға танымал өнерпаз Берік Сұлтанмұратов жүргізді.

Жаңа дүкеннің ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров сөйлеп: - Кезінде мына арада ескі ғимарат тұрды. Енді соның орнында сән-салтанаты жарасқан дүкен бой көтеріп отыр. Бүгінде ауданымыздың жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Елбасымыз бен Үкіметіміздің қолдауының нәтижесінде кәсіпкерлік саласы да бізбен иық тіресе қимылдап, өздерінің күштерімен, инвестицияларымен осындай әдемі ғимараттарды салуда. Біздің ауданымызда басқа аудандардай мұнай өндірілмейді. Ауыл шаруашылығымен айналысып, балық аулап, кәсіпкерлікпен дамып келеміз. Сондықтан кәсіпкер жастарымыздың қатары көбейіп, халыққа жағдай жасағанына біз қуаныштымыз, қолдаймыз. Еңбектеріңіз еселеніп, жемісін көріңіздер. Қатысып отырған ағамыз бен апамызға балаларына осындай бағыт бергені үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деді.

Осындай ізгі тілектер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы тарапынан да айтылды. Кәсіпкердің әкесі Қадыр Боханов: - Ұлым Тұрарбек 2011 жылдан бастап кәсіпкерлікпен шұғылданып, тұрмыстық химия тауарларын сатып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып, тауардың түрін көбейтіп аудан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Президентіміздің шағын кәсіпкерлікті қолдау, дамыту бағдарламасы бұл күнде жеке кәсіпкерлердің сауда орталықтарын ашуына үлкен демеу болды. Мұнда біз бес адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Балам мен келінімнің жаңа дүкенінің ашылу салтанатына қатысып, бізге қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін бәріңізге де үлкен рахмет, - деді.

Дүкен алдына керілген лентаны аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бектеміров пен Қ.Боханов қиды. Тұрмыстық-химиялық тауарлардың неше түрі сұрыпталып жиналған сөрелерден аудан тұрғындары өздеріне керегін алып жатты. Бұл дүкен аудан орталығының халқына Жаңа жыл алдында жасалған тамаша тарту болды десек артық кетпеспіз. Халыққа қызмет көрсету орындары көбейе берсін. Тұрарбек Бохановтай жалынды жастарымыз өмірден әлі де өз жолын таппай, дүниеге бір кірпіш болып қалана алмай жүргендергі үлгі-өнеге, адам талпынса арманына жетерінің бір айғағы. Оған еңбегіңнің игілігін көріп, ауылдастарыңды қуанта бер демекпіз!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521