"Сақ бол" деген жазуға салғырт қарайды

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі, «Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің аудандық бөлімшесі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бірігіп белгіленбеген жерде суға шомылушылармен түсінік жұмыстарын жүргізді.

Рейд Құрманғазы ауданының қос қабатты үйлер орналасқан Үлкен Ганюшкин мөлтек ауданынан басталды. Мұнда Шора өзені жағасында балалар мен қыздар шомылып жатыр екен. Жағада ата-аналары отыр. Оларға аэроұтқыр жасағының құтқарушылары Есбол Дарғожин мен Нұрлыбек Дүйсенғалиев суға түскенде қауіп-қатерден сақтану жолдары жазылған жадынамаларды таратып, түсініктер берді.

«Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің Құрманғазы аудандық бөлімшесінің құтқарушысы Есбол Дарғожин бізбен әңгімесінде: - 15 маусымда шомылу маусымы басталды. Сол себепті біздер аудандық төтенше жағдайлар, аудандық ішкі істер бөлімімен бірігіп осындай іс-шаралар жүргіземіз. Шара барысында тек Құрманғазы ауылын ғана емес, ауданымыздағы Мақаш, Еңбекші,Орлы, Нұржау, Жаңаталап, Ақкөл және басқа да ауылдық округтерді, Қиғаш бойын қамтимыз. Негізінен жазда судан шықпайтындар балалар. Соларға ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Тік жарларда, теріс ағысты жерлерде шартты белгілер бар. Тыйым салынған жерлерге суға түсуге болмайды. Себебі ол белгілер бекерден-бекер салынбаған, қауіп төніп тұрғанын білдіреді. Оларды жергілікті жауапты органдар, әкімшіліктер қояды. Сол жерлерде суға кетуді болдырмас үшін үнемі бақылауда ұстап, шомылушы балаларға ескертулер жасап, ата-аналарына жадынамалар таратамыз. Балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Көбіне олар ата-аналары жұмыста болғанда, түскі мезгілде шомылады. Бір күн автокөлікпен, бір күн қайықпен өзен жағаларын аралаймыз. Сақтық шараларын естен шығармаған жөн. Қайғылы жағдай орын алмас үшін ата-ана баласының қайда жүргенін білуі тиіс, – деді.

Бұзаусылан өзенінен өтетін көпірде суға түсуге тыйым салған жазу тұр. Бірақ, бұл жерден де балалар суға секіреді. Көпір астында құбырлар жатыр. Самаркин ауылындағы көпірдің астында да суға түсуге болмайтыны ескертілгенімен екі бала рахаттана шомылуда. Аудандық ішкі істер бөлімінің Ювенальды полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Арайлым Жексенбаева балалармен сөйлесіп, бұл жерде суға түсуге болмайтынын ескертті. Өзенге шомылуға келгенде ата-аналары қастарында болуы керектігін айтып, тыйым салынған жерлерден туындайтын қауіп-қатер жайлы түсінік берді. Жалпы жаз мезгілі адамдардың суға көп шомылатын уақыты. Күннің ыстығы мен топырақ бораған дауылдар да соған итермелейтін шығар. Десек те, «От пен су – тілсіз жау» екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Әсіресе, балаларға сақ болайық. Қайғылы жағдайға жол беріп, бармақ тістегенше, оның алдын алған өздеріңіз үшін тиімді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521