Сақалды құрылыстың бітуін күтіп сарғаятын болдық

Аудан тынысы

Аудан әкімінің аппарат мәжілісін аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ашып облыстық терроризмге қарсы комиссияның селекторлық отырысы өткенінен, аймақ басшысының үш күндік сапармен ауданымызға келетінінен хабардар етіп: – Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады.

Сондықтан олардың арасында үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Кеше облыс әкімі әр түрлі салалар бойынша тапсырмалар берді. Жастар жылында өткізілетін шаралар бірін-бірі қайталамауы және ол тек ән-би ұйымдастырумен шектелмеуі, қағаз бетінде емес, іс жүзінде оң нәтиже беруі тиіс, - дей келе атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасау үшін сөзді орынбасары Жандос Бектеміровке берді. Хабарламашы жыл ішінде атқарылған жұмыстардың индикаторлық көрсеткіштеріне, жеткен жетістіктер мен кемшін тұстарына қысқаша тоқталды. Қайсыбірін атап айтсақ ауданымызда халық саны өсіп 58911 адамға жеткен. Жұмыссыздар саны 1565-тен 1315-ке түскен. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны артқан. Салықтар мен бюджетке түсетін төлемдер аздап кеміген. Ауыр қылмыс 2017 жылы 4-еу болса, 2018 жылы 14-і тіркелген.

Аудан басшысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті Құрманғазы аудандық инспекциясының басшысы Нұрлыбек Әшімовпен танысып, оған балық арасында ауру таралып кету қаупінен сақтануды, айдамал жұмыс жасамай ауданымызға отбасымен көшіп келуді тапсырды. Орлыдағы дәрігерлік пунктке қатысты қойылған сұраққа аудан әкімінің орынбасарлары Жандос Бектеміров, Жастілек Хасанов, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Светлана Хамзина жауап қайтарды. Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақпанов мал қорымының жартылай бітіп тұрғанын алға тартты. Осы жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетовтің жауабын тыңдаған аудан әкімі Б.Шаяхметов: - Бұл неғылған осы уақытқа дейін бітпейтін сақалды нысан? Өзінің тапсыратын тиесілі мерзімі баяғыда өтті. Тіпті асықпай салғанда да ендігі аяқтайтын уақыты болды. Қандай жұмыс та сапалы жасалуы керек. Артымызда ел қалады, соның игілігін көреді, - деп жол құрылысы жұмыстарының сапасын, Азғыр өңіріндегі тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелерге газ тарту барысын сұрады. Қыр бойындағы округтердің әкімдеріне бұл жұмыстарды дұрыстап ұйымдастыруды міндеттеді. Басқа да бірқатар мәселелер көтеріліп, оған аудан әкімінің орынбасарлары мен тиісті салалардың басшылары жауаптар қайтарды.

Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров: - Жүріп жатқан Қиғаш өзенін қазу, теңіз тамағын тазалау жұмыстарын барып көрдік. Басындағылар бірде-бір бақылау болмағанын айтты. Жұмыс теңіз тамағына 2 шақырым жетпей тоқтайды, себебі жобаға кірмеген. Мұны жасамаса балық бермен қарай өте алмайды, - деп одан әрі мектептердегі бітпеген жөндеу жұмыстарын, туризм бекетін ғимаратпен қамту қажеттігін тілге тиек етті. Көтерілген мәселе туризмді дамыту мен монша салуға ұласып, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қайсар Мақсотовтың, аудандық әділет басқармасының басшысы Әсел Дарғожинаның жауаптары тыңдалды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Өмірболат Есенғазиев өзі келгеннен бергі бес ай ішінде бастауыш партия ұйымдары атқарған жұмыстарды қанағаттанарлық деп бағалап өтіп: - Ауданымыздағы өздері басқаратын округтерді тап-тұянақтай етіп ұстап отырған, халықтың жағдайын жақсы білетін әкімдерге ризамыз. Кейінгілер солардан үлгі алғаны дұрыс. Жас әкімдерде бір босбелбеулік бар, жігер жоқ. Соңғы 4-5 айда аудан көлемінде өлім көп. Ауылдық округ әкімдерінің есебі біткеннен кейін оған жол беріп отырған округтердегі тәртіпті талқылау керек, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ