Құрылыс нысандарын аралап, тиісті нұсқаулар берді

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев жауапты бөлім басшыларымен бірге ауданымызда құрылысы басталған жолдар мен күрделі жөндеуі жалғасып жатқан мектептерде болып, жұмыс барысымен танысты.

Аралау кезінде бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою мақсатында тиісті тапсырмалар берілді.

БАСШЫСЫ БАР, ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖОҚ

Бұған дейін Н.Манаев атындағы орта мектептің шатыры ұшып кеткенін жазғанбыз. Мұнда жөндеу жұмыстарымен жеке кәсіпкер Салауат Мырзағалиев айналысып жатыр. Шатыр ағаштары қазір қағылу үстінде. Біраз терезелер ауыстырылған. Бірақ, әлі де жаңадан салынатындары және есіктер бар. Бұрынғы жауапсыз мердігер жасаған сметаға акт залының сырлануы, электр жарығын тарту кірмей қалған. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғандықтан аудан басшысы ең бірінші кезекте ішкі жұмыстарды бітіру қажеттігін айтты. Мердігерден қандай мәселелері барын сұрағаннан кейін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Азатовқа жасалатын жұмыстардың сметасын жасақтауды тапсырды. Нұржау орта мектебінің жөндеу жұмыстарымен «Шах-2030» ЖШС айналысуда. Бірақ, бізді қарсылаған мердігер мекеме басшысынан басқа жұмыс жасап жатқан ешкім көзімізге түспеді. Мектептің сыртында асфальт жол мен тас төсеніштер төсеу, бейнекамера орнату, ғимарат айналасын жаңадан қоршау, ішінде спорт залының жөндеуі, асхана, сантехникалық жұмыстар әлі бітпеген. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы мердігер мекеме басшысына мектеп ішін 30 тамызға дейін ішін түгел бітіруді, техникалық бақылаушы жұмыстың басыда болуын қатаң ескертті. Хиуаз ауылындағы Алтынсарин орта мектебінде жұмыс қызу жүруде. Іші-сырты түгел жасалып жатырғанын көрдік. Мердігер мекеме «Декор» ЖШС басшылары 1 қыркүйекке дейін ішін түгел бітіретінін жеткізді. Сыртқы жұмыстары қараша айында аяқталады. Айта кетер жайт мұндағы мердігердің өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауы. Барлық жұмысшыларын екі бригадаға бөлген. Кезектесіп, түнгі 3-ке дейін жұмыс жасайды екен. Мектеп ғимаратының жоғары қабаты бітіп, енді төменгісі жасалуда.

img_4027

img_4049

Ақкөл ауылдық округіндегі 290 орындық балабақша құрылысында болған аудан әкімі Қайрат Талапұлы мұнда да техникалық бақылаушының орнында жоғына, күнделікті жасалатын жұмыстардың жоспары жасалмағанына қынжылыс білдірді. Құрылысты аралап көргеннен соң бірқатар сын, ескертпелер айтып, талап болмаған жерде іс алға баспайтынын жеткізіп, кесте жасап жұмысты тездету қажеттігін айтты. Ауылдағы денешынықтыру және сауықтыру кешені мердігердің айтуынша 99 пайыз бітіп тұр.

img_4051

img_4052

Аралап көргеннен кейін аудан басшысы: – Сыртқа шығатын есік пластиктен жасалмайды ғой. Құрылыстың жобасын жасаған кім? Жылу батареялары ағаш қоршаудың арғы жағында қалған. Ертең одан ауаны қалай шығарады? Осыны неге ескермедіңіздер? Терезеге темір торын орнатып, ауласына жобада көрсетілген теректерін отырғызып, пандусын салыңыздар содан кейін қабылдаймыз. Мұны Конституция күніне дейін аяқтауды тапсырамын, - деді.

img_4060

img_4061

Одан әрі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Әдебиет Ердешовке маман ретінде барлығы қаралған ДСК жобасын жасап өзіне ұсынуын, болашақта осындай құрылыстар салғанда оны басшылыққа алатынын жеткізді. Округ әкімі Бисембай Рамазанов жоба жасағанда өздерімен ақылдаса бермейтінін және айтылған ұсыныстары оған кіргізілгенімен экспертизадан өткенде алынып тастайтынын алға тартты. Қысқасы әп-әсем жобаны жүнін жұлған тауықтай қылып тастайды.

img_4070

img_4078

Аудан басшысы мұның себебі экспертизада жобаны дұрыс қорғай алмау салдарынан екенін түсіндіріп өтіп: – Бізде тапсырыс беруші мектеп директоры немесе дәрігер болады ғой. Ол адамдар құрылыстың жайын жетік білмейді. Содан келіп тапсырыс беруші де мердігер де өзімен-өзі жүреді. Айналып келгенде жасалуға тиіс жұмыстар жобаға кірмейді. Мысалы, барлық мектепте жөндеу жұмыстары жасалады, ал сыртынан қарасаң ештеңе істелмегендей көрінеді. Себебі ғимараттың сырты жобаға енбейді. Сол себепті мен аудан әкімшілігінде сметамен айналысатын маман алдырып отырмын, - деді.

img_4086

Одан әрі ауыл ішінде су құбырын жөндеу кезінде кәріз құбырын зақымдаған мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, оны қалпына келтіріп, лас су жиналған шұңқырды жоюды тапсырды. Ғизат Әліпов ауылындағы Ж.Нәжімеденов мектебінің құрылысы бітуге таяп қалыпты. Округ әкімі Оралбай Әзімов ата-аналармен келісіп, сыңғырлап тұрған мектептің төменгі қабатының бір шетіне ғимараты апатты жағдайдағы дәрігерлік пунктті уақытша көшірсем деген ұсынысын ортаға салды. Облыстық мәслихат депутаты, «Құрманғазы» ӨК төрағасы Сабыржан Сұлтанов бұл істе қол ұшын беруге әзір екенін білдірді.

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521