Құрметті атаққа ие болды

(0 Votes)

Ауданымызға іссапармен келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұртшылық алдында мерейлі 70 жасына толып отырған Ғаділхан Қалиұлына құттықтау тілегін айтып, өңіріне «Қазақстан Республикасының Құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.

Республика Ардагерлер Кеңесінің Алғыс хатын тапсыра келе, әлі де өзін қоғамнан шет ұстамай Жұмекен ауылында ақсақалдар алқасына басшылық жасап отырған белсенділігін жоғары бағалап, өміріне зор бақыт, мұқалмастай берік саулық, елден құрмет, ұрпақ қуанышын тілек етті.

Ал, сол күні Еңбекші ауылдық округінің мәдениет үйінде Ғаділхан Қалиұлына арналып айрықша салтанатты шара ұйымдастырылды. Айтулы округ әкімі Қанат Айтжанұлы Ғаббасовтың іскерлігі бұл тұста да жарқырап алдан шықты. Жұмекендіктер тайлы – таяғы қалмай келіп, мәдениет үйіне лықа толды. Белгілі, бесаспап өнерпаз Болат Бидоллаев мерейтой иесін жұбайы Света Әбілкәкімқызымен бірге үкілеп сахна төріне шақырып, айтулы азаматқа арналған мерейлі басқосудың басталғанын паш етті.

- Осы ауданда екі жыл үш ай мерзім әкім болып жұмыс жасағанымда Ғаділхан ағаның ағалық ақылы мен кісілік келбетіне тәнті болдым, - деп бастады аудан әкімі Бибоз Шаяхметов өзінің жұмекендіктер алдындағы құттықтау тілегін. Одан әрі мерейгердің таланты мен іскерлік қабілетін әр қырынан ашып көрсетіп, жас ұрпақ өнеге тұтатындай өрісті әңгімелерді ұзарта түсті. Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Айтжанұлы мен сыйлас інісі «Құрманғазы Сервистік Дайындау орталығының» директоры Біржан Ахонұлы бірлесіп құттықтап, сый-сыяпат жоралғысын көрсетіп, тұлпар атқа тақымын тигізді.

Ғаділхан Қалиұлының сатып алмаған, адал еңбегі мен айтулы азаматтығы жеткізген беделі бұл жолы да тәнті қылды. Өйткені, «біз құттықтаймыз» деп келгендердің көбісіне кезек жетпеді. Жұмыстас інілері: аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы, аудандық Қоғамдық Кеңес төрағасы Жұмақай Мұғалұлы, қаржы саласының ардагері Ержан Ғайнетұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Абдурахман Рахметұлы, мемлекеттік қызметтің ардагері Болат Мұхамбетжанұлы құттықтап, азамат ағаның елжандылығы, ортақ мүдде жолындағы табандылығы турасында әдемі естеліктер өрбітті.

Одан әрі құттықтаулар легі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Талапұлы, «Ақжонас» ЖШС директоры Мұхар Хабиболлаұлы, облыстық өкпе аурулары шипажайының басшысы Амантай Өтешұлы, құдасы Шайхатолла Мұшпихұлы болып жалғасты. Келесі топта Еңбекші мәдениет үйінің директоры Бауыржан Ғабдолов, осындағы орта мектеп директоры Мырзабай Шаяхметов, «Таза су» қондырғысының басшысы Пәуеден Қайседенов, «Ақтолқын» балабақшасы мен Жұмекен дәрігерлік емхана атынан Әмина Хамидуллина ақ тілектер өріп, мерейгердің адамгершілік ізгі қасиеттеріне жан-жақты мысалдар келтірді. Туыстары атынан Арияш Қалиқызы ағыл-тегіл тілегін жеткізсе, қыз-күйеуі қазақтың маңдай алды дәрігерлерінің бірі Талапбек Мұратұлы жұбайы Эльмирасымен ұрпақтары атынан ұйымдастырушыларға алғысын үкілеп, мерейгер ата-анаға демалыс үйіне жолдама ұсынды. Бұл шарада сырлы әндерге кезек беріліп, белгілі әнші Қадіржан Хасановтың, Бақытжан Сариевтың, жауһазын талант Мөлдір Исатаеваның, Оралдан келген жиені Марғуба Салахиденқызының және жиені Ләтипа Салахиденқызының орындауында жүректерді толқытып, жанарларда жас үйіргендей әсерлі сезімге бөледі. Мерейгерді салтанатты ұлықтау бұрын-соңды болмаған дейтіндей өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оны қорытынды сөзінде Ғаділхан Қалиұлының өзі де, жұмекендіктер де, Астанадан бері қарай келіп, көзайым қуанышына кенелген қонақтар да айтуындай айтып өтті.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521