Құрманғазы ауылының көрмесі тамашаланды

(0 Votes)

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Құрманғазы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудандық музейде ауылдық округтер арасында елді мекен тарихын бейнелейтін «Қойнауы тарихқа толы мекен - Құрманғазы» тақырыбындағы көрме-байқаудың кезегі Құрманғазы ауылдық округіне келіп жетті.

Шараны С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпазы А.Жаһина Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашты. Музейдің экскурсия жүргізушісі Жазира Амандыққызы оның байқау шарттарын көпшілікке түсіндіріп, комиссия құрамымен таныстырды. Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің география пәні мұғалімі Бибігүл Баймұрзаева өз баяндамасында:

Астрахань губерниясының архивінде 1861 жылы бір құжатта аралда жиі төбелес болып, қан төгілгендіктен, оған «Қанішкен» атауы берілген деген дерек бар. Сол сияқты, осы аралға 1793-1794 жылдары ағайынды Ганюшкиндер Красный Ярдан келіп қоныстанған деп те айтады. Қалай дегенмен де ауылдың тарихы бай, тамыры тереңге жайылған. Құрманғазы ауылдық округі - Құрманғазы ауданының орталығы. Ауданнан бұрынғы аумақтық құрылымдар І және ІІ Теңіз жағалауы округтері болған кезде Құрманғазы олардың орталығы болып, Мақаш әкім мұнда мектеп, басқа да әкімшілік ғимараттарды арнайы ағаш, басқа да құрылыс материалдарын алғызып салдыртқан.

Қазан төңкерісінен кейін ресми аудан құрылмағанымен 1924-1925 жылғы құжаттар мен мөрлерде Қазақ ССР-ы, Орал губерниясы, Бөкей уезі, Теңіз ауданы, Ганюшкин селолық советі деп жазылғаны белгілі. Әуелі Теңіз селолық советі деп аталған құрылым, 1926 жылдан 2018 жылға дейін Ганюшкин селолық советі, кейін Ганюшкин ауылдық округі болып аталған. 2018 жылы Құрманғазы ауылы болып өзгертілді, - дей келе, округте бой көтерген әлеуметтік нысандар, тұрғызылған ескерткіштер жөнінде айтып өтіп, әуелі селолық кеңес, кейін округті басқарған азаматтар туралы мағлұматтармен қанықтырды. Сонымен қатар, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары майталмандарының есімдерін мақтанышпен атап, көрмеге орай арнайы жасақталған бұрыш арқылы олардың әрқайсысының фотосуреттерін көрсетті.

Көрмені бағалайтын арнайы құрылған комисия мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Өмірзақ Қажымғалиев, Орынғали Құмарғалиев ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосқан азаматтардың есімдері түгел қамтылуы, ауылдық округтің ішіндегі елді мекендер жөнінде қысқаша мәліметтер ұсынылуы қажеттігін қаперге беріп, Қазақ Совет энциклопедиясында Ганюшкиннің бұрынғы атауы «Ақтөбе» деп жазылғанын ескертті. Сонымен қатар, алғашқы кеңес басқарушыларын, хатшыларын назардан тыс қалдыруға болмайтынын тілге тиек етті. Үшінші бөлімде Б.Баймұрзаева ауыл тұрғындарынан жиналған жәдігерлермен таныстырды. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамит, Мәрия Жаудиндердің әр жылдарда алған медальдарының жиынтығы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Қисым Ғұмаровтың жеке жазбалары, мұражайдың бұрынғы қызметкері Қасиба Сатқалиеваның терме алашалары, қолданған ұршықтары, жергілікті қолөнер шебері Талғат Жұмалиевтің ағаштан жасалған бұйымдары көрініс береді. Сонымен бірге ауыл тұрғындарынан жинақталған самаурын, құмыра, диірмен сияқты тұрмыстық заттар көрмедегі құнды жәдігерлердің қатарын толтырса, күйтабақ, радиоқабылдағыш сынды көне дүниелерге қызықпай қарамау мүмкін емес. Комиссия мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев туған өлкенің тарихын баяндауда Құрманғазы ауылдық округі біраз еңбектенгенін айтып, көрмеге оң бағасын берді.

Айнагүл Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521