Отбасылық сот кабинеті ашылды

(0 Votes)

Аудандық соттың мәжіліс залында «Отбасы – шағын мемлекет. Оны сақтап қалу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.Аудандық соттың төрағасы Ерболат Аманғалиев мәселенің маңыздылығына тоқталып, дауларды соттан тыс реттеу тәсілдерін жетілдіру, татуласу рәсімдерінің артықшылықтарын насихаттау бағытын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Судья Бейбітгүл Менситова ерлі-зайыптылар арасында ажырасу бойынша еліміздегі және әлемдік статистикаға тоқталып, себептерін жан-жақты айтып өтті. – 2019 жылдың І тоқсанында неке бұзу бойынша 18 талап-арыз түсіп, 4 шешім шықты. Оның ішінде 3 іс судья медиатор, билер кеңесі, кәсіпқой емес медиатордың көмегімен қысқартылды. Әкелік мәртебені анықтау бойынша 1 талап-арыз түсіп, күні бүгінге дейін аталған азаматтық іс қаралуда.

2018 жылдың аяғында ауданымызда билер кеңесі құрылып, жұмысын бастады. Бұл ұйым осы уақыт аралығында 2 неке бұзу туралы азаматтық іске араласып, екі отбасын ажырасудан сақтап қалды. Ал, судья және кәсіпқой емес медиаторлардың көмегімен өткен жылы 34 іс татуласу рәсімімен қысқартылды, - дей келе, хабарламашы алдағы уақытта дау-дамайды азайту, балалардың толыққанды отбасында өмір сүрулері үшін оны сақтап қалу бағытында бірігіп белсенді жұмыс жасауға шақырды.

Хабарламалар тыңдалып, қатысушылар оны талқыға алғаннан кейін сот ғимаратының бірінші қабатында "Отбасылық сот кабинеті" ашылды. Лента қию рәсімін Билер кеңесі қоғамдық бірлестігі аудандық жұмыс тобының жетекшісі Өмірзақ Қажымғалиев, сот төрағасы Ерболат Аманғалиев, аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова жасады. Мұнда сотқа түскен қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша дауласып келген ерлі-зайыптылар, ата-ана мен балаларға судья-медиаторлар, билер кеңесінің мүшелері, кәсіпқой емес медиаторлар татуластыру жұмыстарын жүргізеді.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521