Қос киіз үй тігіліп, әдет-ғұрпымыз дәріптелді

(0 Votes)

Күн мен түн ғана емес, хан мен қара да теңелген қасиетті Наурыз мейрамына орай Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте мерекелік шара ұйымдастырылды.

Оған жиналған РТС ауылының тұрғындары, ұстаздар, оқушылар Ұлыстың ұлы күнін құшақ жая қуана қарсы алып, әз Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлады.Мәре-сәре болған жиналғандар бір-бірін жыл басымен құттықтап, бұл күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік айтты. Мектептің алдына ақшаңқан қос киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз туралы баяндайтын театрландырылған қойылымдар ұсынылды.

Наурыз нақыштарымен безендірілген мерекелік сахна төрінде аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев жұртшылықты көктемгі мейраммен құттықтап, бұл мейрам халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дәстүрі мен мәдениетінің символына айналғанын айтты. Мектеп ұжымы әзірлеген концерттік бағдарлама барысында Көктем-қыз ортаға келіп, табиғат ананың көктемнің алғашқы лебімен оянуын суреттеді. Ақ жаулықты әжелер, тайқазан көтерген батырлар, қыран құс, жұлдызшы, Қожанасыр сынды ертегі кейіпкерлері, ұлттық нақышта киінген балалар мерекенің сән-салтанатын асырды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, ардагер-ұстаздар Жәннат Құрманғалиева, Балғаным Хасенова, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева бүкіл әлем бойынша жаңару нышанына жол ашып, адамдардың өзара ынтымағын және табиғатпен тұтастығын көрсететін «көктемгі күн мен түннің теңелер шағының» айрықша маңыздылығын атап өтіп, тойды жаңа форматта өткізуді қолға алған мектеп ұжымына зор ризашылықтарын білдірді.

Адамдарға дәулет дарытып, бақ қондырады дейтін ізгі сеніммен астасып жататын әулие бейнесі Қыдыр ата да түйеге мініп келіп, елге арнап ақ батасын берді. Мерекелі күн қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, ұлттық ойындармен жалғасын тапты. Қонақтар думанды тойда киіз үйлерде жайылған ұлттық тағамдар ұсынылған дастарханнан дәм татты.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521