Орыстанып кетпесек дейміз

(0 Votes)

Астрахандық қазақ жастарының ана тілін, ұлттық салт-дәстүрді қаншалықты білетіні туралы әлеуметтік желіде сауалдың жауаптарынан:

Ильнұр Мурзалиев, 25 жаста, Астрахан облысы, Володар ауылы:

- Астрахан облыстық «Жолдастық» бірлестігі жастар секторының жетекшісімін. Қазақ жастарын қатарымызға тартып отырамыз, салт-дәстүрлер туралы әңгімелесеміз, түрлі тақырыпта қазақша кештер өтеді. Әзірге, Қазақстанның өзінде болып көрмеппін. Бірақ, ресейлік қазақтар атамекенде тұратындардан ерекшеленеді деп ойлаймын. Бізде ересек адамдар қазақ тілінде еркін сөйлейді, ал, жастар тілді аса біле қоймайды. Мысалы, мен қазақша еркін сөйлей алмаймын, бірақ жақсы түсінемін. Ауылдық жерлерде қазақша сөйлейтін жастар әлі бар.

Қайрат Шайхиев, 24 жаста, Астрахан облысы, Троицкий ауылы:

- Астраханда туылған кезімнен бастап тұрамын. Қаламызда «Жолдастық» деп аталатын қазақ диаспорасы барын білемін, бірақ қатарына әлі кіргенім жоқ. Жұмысым өнер саласына қатысты болғандықтан «Құрманғазы» қазақ мәдениеті орталығында болдым. «Наурыз» мейрамынан қалмауға тырысамын. Бір өкініштісі, қазақ тілін біліңкіремеймін, ол үшін ұяламын. Қазақстанда сирек боламын, барлық қалалардың ішінен тек Атырауда болдым, себебі, онда туыстарым тұрады. Бірақ, Қазақстан мен Ресей қазақтары бір-бірінен өзгешеленеді деп ойлаймын. Алайда, түп-тамырымыз, тіліміз бір болғанымен, ділімізде әртүрлілік бары рас.

Әсемгүл Исенгулова, 28 жаста, Астрахан облысы, Пойменный ауылы:

- Астрахан облысының байырғы тұрғынымын, ата-анам да осы жерде тұрады. Менің ойымша, Ресей қазақтары орыстанып кетпесе екен деймін, себебі, туған тілінде сөйлейтіндер аз және балаларына ат қойғанда қазақы есімдерді таңдамайды. Ал, менің отбасым қазақтың салт-дәстүрлерін сақтауға тырысады. Қазақстанда бес рет болдым, Атырауға бардым, себебі, онда туған тәтем тұрады. Қала өте ұнады, енді Астана мен Алматыға барғым келеді. Менің есімде бір қалғаны: анам екеуміз Атырауда серуендеген кезде сатушыдан бір нәрсе туралы орысша сұраған едік, ал, ол тіпті бізге мүлде қарамай, біз жоқ секілді кейіп танытты. Бұл өте біртүрлі болды, кейін бізге Атыраудағы қазақтар тек қазақша сөйлеу керектігін ескертті. Атыраулықтар мінезді, елжанды деп еді, соған көзіміз анық жетті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521