Он мақсат басты меже

Аудан тынысы

«Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалының XXVIII конференциясы өтті.Оған филиалдың саяси кеңесі мүшелері, партия активі, аудандық мәслихаттың депутаттары, округтердегі бастауыш партия ұйымының басшылары, партия ардагерлері, «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері, барлығы 47 делегат және БАҚ өкілдері қатысты.

Партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов конференцияны ашып, күн тәртібімен таныстырды. Қатысушы делегаттардың өкілеттілігін растау үшін алғашқы сөз аталмыш филиалдың мандат комиссиясының төрағасы, Құрманғазы аудандық «Жастар ресурстық орталығы КММ» басшысы, «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Наурызбай Бисенғалиевке берілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев хабарлама жасап: - Бүгінде адамдардың әл-ауқаты мен толыққанды дамуы үшін жағдай жасау тәсілдерін жаппай қайта пайымдау жүріп жатыр. БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін маңызды бағдар болды. Барлық мемлекеттер экономикалық өсудің білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерді шешумен бірге сүйемелденуі тиіс екенін мойындады. Әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі ретінде біздің еліміз де өз дамуының маңызды кезеңін бастан өткеруде.

Жаһандық сын-қатерлерге әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатындағы Елбасының Қазақстанды жаңғыртуға арналған стратегиясы жауап берді. Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның Үшінші жаңғыруына жол ашты. Ол еліміздің таяу онжылдықтағы дамуын айқындайды және қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтитын жүйелі сипатқа ие. Жаһандық өзгерістер бізді Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сай экономиканың барлық салаларын белсенді жаңғыртуға итермелейді. Елімізде цифрландыру есебінен бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттыру жүріп жатыр. Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында баяндалған қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі бағдарламасы, бес әлеуметтік бастама зор рөлге ие. Олар ХХІ ғасырдың жаһандық шынайы сын-қатерлерге барабар құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел азаматтарының өмір сүру сапасының жаңа стандартына қол жеткізуге бағытталған, - деп «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы» жобасының негізгі ережелерімен таныстырды.

Жарыссөзде Самаркин бастауыш партия ұйымының төрағасы Қабдрахим Бисенғалиев сөйлеп: - Біз бір жерде тұрып қалған жоқпыз, елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Көшбасшымыз айқындаған стратегия шеңберінде партиямыз өзінің негізгі күш-жігерін алдағы 10 жылдықтың басты 10 мақсатына қол жеткізуге бағыттайды. Самаркин бастауыш партия ұйымының 302 мүшесі бар, олар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру бағытында бірлескен жұмыстарын жалғастыра береді, - дей келе «Нұр Отан» партиясын еліміздің әл-ауқатының кепілі деп танитынын жеткізді.

Ақкөл бастауыш партия ұйымының төрағасы Бисембай Рамазанов онжылдықтың 10 мақсатының ішіндегі жетіншісіне кеңірек тоқталып өтіп: - Мұнда Қазақстанның барлық азаматтарының игілігі үшін жұмыс істейтін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру көзделген. Сондықтан бағдарлама шеңберінде оған қол жеткізілсе, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бұрынғыдан да жақсара түседі деп ойлаймын. Біздің Ақкөл бастауыш партия ұйымының мүшелері осы мақсаттардың тиімді жүзеге асырылуын қолдайды және сіздер де оған атсалысады деген сенімдемін, - деді.

Конференция соңында қаулы қабылданып, облыстық филиалдың кезекті ХХІХ конференциясына қатысатын делегаттар құрамы бекітілді.

Қанат ҒҰМАРОВ