Олар Отан үшін от кешті

(0 Votes)

ҚОШАЛАҚТАҒЫ КӨРШІЛЕР

Шынымен де олар ар мен ожданды алдымен ойлайтын жүректері сұлу, кірпияз, отаншыл, елдік мұраттар десе ішкен асын жерге қоятын биік парасатты жандар болатын.

 

Шағын мақала ауқымына бәрі бірдей сыя бермес, аз-аздан баяндайын. Әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған Сүйнешов Мақсот Қайреденұлы ағамен 1951-1956 жылдар аралығында Қошалақ елді-мекенінде көрші тұрдық.

Арамызда үй жоқ. Әкем Құрманбаев Боқан екеуі құрдас, сыйлас, сырлас достар болатын. Екеуі де сол уақыттарда ішкі істер органында бірге қызмет жасады. Кейіннен әкем бұл қызметті қол көрмеді де, ал Мақсот аға ары қарай жалғастырды. Қызмет бабымен Қошалақтан арал өңіріне көшкенде үйімізде қонақ болып, әкей екеуі құшақтасып қоштасып, бір-бірін қимай көздеріне жас алғандары санама суреттей басылып қалған.

ТУҒАН ЖЕР, АТА ТЕКТЕН...

Сүйнешов Мақсот Қайреденұлы 1917 жылдың 10 наурызында Нарынның Мыңтөбе құмында жарық дүние есігін ашқан перзент. Адайдың Қосай атасы Тоқмамбет - Шыбынтай бөлімінен. Осы Мыңтөбені мекен еткен Мырзалыұлы Сүйініш атадан Қайреден, Зайнеден аталатын екі ұрпақ өрбісе, Қайреденнен Мақсот туылған. Сүйініш атамыз осы өңірдегі алғашқы ұсақ шаруашылықтарды (ТОЗ) ұйымдастырушы. Көнекөздер жеткізген дерекке сүйенсек, ауылнай-ведредчик деген жұмысты да мінсіз атқарыпты. Ләтиполла Қапашевтың «Насихат Сүгірұлы» кітабының 149 бетін негізге алсақ ,Мақсот Қайреденұлы осы ТОЗ-да қабырғасы қайысып алғашқы еңбек еткендердің бірі. 1934-1938 жылдары Морской ауылдық кеңесінде сауат ашу мектебінің мұғалімі, кеңес кызметкері болып та еңбек еткен. 1936-1939 жылдары Фин соғысының бел ортасында, латыш атқыштар дивизиясы құрамында шайқасып, ақ қар тұмшалаған мекенде қаны мен терін қоса ағызып, Отан әмірін мүлтіксіз орындайды. Соғыстан Тәңірінің қолдауымен аман оралған 1940 жылы бастапқыда мектептерде әскери дайындық пәнінің мұғалімі болады. Содан кейін жергілікті басшылық органдардың ұйғаруына сай Теңіз аудандық ішкі істер бөліміне милициялық қызметке ауыстырылады.

БАНДЫ ҚАЛМАҚ БЕМБИЕВТІ ТҰТҚЫНДАУ

Сол кездегі Теңіз ауданы майдан шебіне тым жақын болғандығы тарихтан белгілі. Сталинградтағы соғыс дүмпуі осы маңға естіліп, ішінара аспанды жау ұшақтары кезгендігі жайлы да жазба дүниелер аз емес. Арасында Сүйнешов Мақсот бар бір топ НКВД қызметкерлері майданнан броньмен қалдырылады. Бірақ оларға қойылар талап та қатаң болатын. Неміс басқыншыларының тылға түсірген барлаушыларын қалайда ұстау керек болса, бұлар оны Отан әмірі деп бастарын бәйгеге тігіп орындады. Соғыстан қашқан кейбір опасыздарды Котяев өткелінен ұстау жөніндегі тәртіпті де Сүйнешов Мақсот әріптестерімен бірге бұлжытпай жүзеге асырды. Бірақ, бұл жайында жаныңдағы жарыңа да тісіңнен шығарып айтуға құқылы емес едің. 1946 жылы бұларға Нарын құмын бойлай кезіп, Азғыр даласынан да қылаң беріп қалатын қыр елінің үрейін ұшырып, ықтиярсыз дегенін істеген банды қалмақ Бембиевті ұстау жөнінде қатаң бұйрық беріледі. Банды қалмақтың қырық айлалы, аттың сынына, жер жағдайына жетік, атқаны мүлт кетпес мерген екенін де өткен тарих айғақтайды.

Міне, сондай айлакер дұшпанды жан алысып, жан беріскен атыс үстінде қолға түсіргеннің бірі ержүрек НКВД қызметкері Мақсот Қайреденұлы Сүйнешов. Кейіннен ол «Үздік милиция қызметкері» атанады. Ұзақ жылдар арына қылау түсірмеген СОКП мүшесі болады. Ұлы Отан соғысы кезінде дұшпан элементтермен ымырасыз шайқасып, оларды залалсыздандырғаны үшін Ұлы Отан соғысы майдангерлері қатарына теңестіріледі. (Куәлік №389074. 22/Х.1984 ж) «Германияны жеңгені үшін», Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекелік, «Еңбек ардагері», т.б. медальдардың иегері. 1956-1968 жылдар аралығында «Балқұдық», «Коммунизм жолы» кеңшарларында өзіне тапсырылған қатардағы қызметтерді мінсіз атқара алды. 1989 жылдың 7 шілдесінде ары ақ бұлақтай таза, елім деп соққан есіл жүрек иесі мәңгілікке көз жұмады. Бүгін өмірде болмауына қарамастан асқар тау әке Мақсот Қайреденұлы Сүйнешовтың 100-ғасыр жасына толуы ұрпақтары, оны білетіндер үшін ескірмес естелік, мерей-мәртебеге айналуда.

 «БАТЫР АНА» - БАҚЫШ АПАЙ

Азаматының басын төрге оздырған, он бір құрсақ көтеріп, баршасын да адам-асыл етіп қатарға қосқан «Батыр Ана» - Бақыш апай шынымен де көнтерлі, әрі қайсар қазақ әйелі. Мақсот әкейге сенімді серік, лайықты жар бола білген жанның тегіне-тектілік біткен. Сүйнешова Бақыт (Жұмақыз) Құмарқызы 1922 жылы Морской ауылдық кеңесіне қарасты Панфилов (бұрынғы «Төңкеріс») ұжымшарында балықшылар отбасында дүниеге келген. Анасы Тәбия малын сауып, отын жаққан, үй тірлігін ұқсата білген шаруақор жан болса, әкесі Қайрошев Құмар «Төңкеріс» ұжымшарында ұзақ жылдар балықшы болыпты. Балық шаруашылығының Министрі болуға дейін көтерілген Шайхы Әбішевтің үзеңгілес досы, сенімді серігінің бірі атанған, беделі биік азамат екен. Еңбегі еленіп, кезінде КСРО халық комиссариатының мақтау грамотасымен әлденеше қайтара марапатталады.

Өз отбасында алған ұлағатты тәрбиесін Бақыш Ана да өз ошағында жалғай біледі. Ері Мақсоттың түзде алаңсыз еңбек етуі үшін қандай ма қиындықтан да тартынбайды. 1942-1943 жылдары Гурьев - Астрахань темір жолын төсеудің бел ортасынан табылып, қос алақанын носилка, күрек сабына күлбіретіп алдыртқан ебіл-себіл еңбек иесі. Анасынан жұққан алаша тоқу, киіз басу, өз киімін - өзі тігу ісмерлігін қыздарына жалықпай үйретеді. Тәртіп пен тазалық, бір-біріне бауырмалдық болған жерде үйлесімді тірлік көрініс беретінін бауыр-еті балаларына, өзі жұмыс жасаған мектептегі балғындар санасына да сіңіре біледі. Көзі жұмылғанша ұл-қыздарына, немере-жиендеріне адал, шыншыл болуды, адам атаулыға қиянат келтірмеуді, ата әулеттің абыройына дақ түсірмеуді уағыздап, 2017 жылдың 8 сәуірінде бақиға бет түзеді, тірі болса бұл күндері ғұмырының 96 жасына толар еді.

 ОН БІР ҰРПАҒЫ - ОРМАНДАЙ ҰЙЫСТЫ

Мақсот әке мен Бақыш анадан тараған он бір перзент те ұлы өмірден өздеріне лайықты орындарын тапқан ұлағатты жандар, осы қалайы жоқ. Аттарын атай кетсек: үлкені Бақыт, марқұм жұбайы Ғапуров Сатыбаймен бақытты ғұмыр кешті, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Есімі елге мәлім, ұзақ жылдар Исатай ауданының әкімі, Құрманғазы ауданының Құрметті Азаматы, Махамбет, Құрманғазы аудандарында біраз мерзім басшылық қызметте болған Зұлбұхар Мақсотұлы жұбайы Мәдина Жұбановамен екі қыз өсіріп қияға қондырған.

Рысты қыз күйеуі Тағатов Ерсайын екеуі екі ұл, бір қызға ата-ана. Азаматы бақилық болғанымен Назым қыз жалғыз ұлын діттеген межеге жеткізді. Раушан қыз құдай қосқан қосағы Картимов Теміржан сыңарымен қызын қылықты, иманды етіп өсіре білді. Райхан қыз ері Нұғыманов Амангелді екеуі бір қыз, екі ұлының санасын ізгіліктің нұрымен суарғандар. Асқар ұл жұбайы Сабирова Жаннатпен үш ұл, бір қызды адам-асыл етті. Айша қыз күйеуі Меңдалиев Амантай екеуі ошақтың үш бұтындай үш азаматты тәрбиелі жолға сала білді. Ғайша қыз болса өмірлік серігі Ұзағалиев Сержанмен бірлесіп инабатты қыздың ата-анасы атануда. Тоқтар ұл Жақаева Гүлшара жұбайымен үш ұл, бір қызының қызығына бөленуде. Әке-шешеден қалған қара шаңыраққа Мұқтар ұл Шолпан Нағимова жарымен ие, екі ұл, екі қызға адами-иманды тәрбие бере білгендер. Мақсот әкей - Бақыш ананың құтты ұя-ажарлы айдынында он бір ұрпақ – 29 немере-жиендерімен, 30-дан астам шөберелерімен бас қосқанда шағала құстардай шарықтаған көңіл ауандары төңіректі түгел шаттыққа бөлейді. Адал, арлы жандардың арты оңалып, керуен көші мәңгілікке бет түзегені осы демекпіз, аруақтары риза болғай!

Қадыр БОҚАНОВ, Ганюшкин ауылдық округі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521