Қой қоздап, түйе боздап...

(0 Votes)

Көптен күткен көгілдір көктем дала төсіне жылылығын молынан сеуіп, бір-екі күннің ішінде жер бусанып, көк түске боялып үлгергендей. Қыстақтарда жаппай мал төлдеу науқаны басталып, «Қой қоздап, бота боздап, қорада шу» деген малды ауылдың мазасыз шағы бек орнады. Мақаш өндірістік кооперативінде де осындай беймаза тірлік жүріп жатыр.

Кооператив төрағасы Жеңіс Әбілхайыров өзі бас болып, жанына мал мамандарын ертіп шаруашылықтарды жиі аралайды. Кезекті бір сапарында олар «Родина» қыстағында отырған кооперативтің түйешісі Нұрбек Есмұханбетовтің бағымында болды. Жас та болса тәжірибесі бар ойсылқара тұқымын бағушы Нұрбек «түйелер бастап боталап жатыр, мынау алғашқы төлдерімнің бірі, қалғандары далалыққа жайылымға шығып кеткен, күн жылынғанда осылай шығарып алып, сыртынан бақылап қоямын» дейді өз ісінен рахат алатындай сезім танытып.

Кооперативтің тәжірибелі маманы Ерболат Шайхымеденовті жас маман-селекционер Айнагүл Қабиевамен бірге аға шопан Абдолов Жолдырғанның «Семен» пунктіндегі отарында болып, жаңа туған қозыларды тізімге алу сәтінде кезіктірдік. Қазірдің өзінде қойлар төлдеп бола келгенін айтып, меже биігінен көрінуге шақ қалғанын жеткізді. Жолдырған шопан көмекшісі Сәрмеков Зайнолламен қозыларды енелерінен ажыратып, бірінен соң бірін сырғалауға жеткізіп отырды. Қозы мен қойдың маңырауынан құлақ тұнады. Бұл мазасыз сәтті ұзаққа созбауды құп көрген екеуі өз жұмыстарына ширақ кіріседі. Әне-міне дегенше сырғалауды аяқтап, маңыраған қозыларды енесіне жіберіп, өріске шығарып бара жатты. Қошақандар құлдыраңдап ойнай бастаса, қойлар жерден басын алмай біресе қыстан қалған былтырғы шөпті жұлса, біресе жаңа көрінген көк шөптің басын қиып, қарын толтырудың қамында. А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521