Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды

Аудан тынысы

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Бірлік бастауыш партия ұйымының қатарында 91 адам бар. Өткен жыл қорытындысымен бұл ұйым облыс бойынша «Үздік бастауыш партия филиалы -2018» аталымын алған болатын. Енді, міне, биылғы жылдың басында мұнда бастауыш партия ұйымының қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылып отыр.

Салтанатты шараға Қиғаш бойындағы округ әкімдері, партия мүшелері қатысты. Бірлік бастауыш партия ұйымының төрағасы, ауылдық округ әкімі Бауыржан Ақбанов құттықтау сөз сөйледі. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Бүгін округтегі бастауыш партия ұйымының қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғалы тұр. Бұл осында қатысушы әріптестерімізбен бірге «Нұр Отан» партиясын гүлденте түсуге, елмен бірге абыройын арттыру жолында үлкен саяси ұйымдастырушылық қызмет атқарады деп ойлаймын. Осы шара биылғы жылы 27 ақпанда Астана қаласында өткізілгелі отырған «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай жүзеге асты. Жұмысымыз жемісті, игілікті бола берсін дегім келеді, - деді.

Қоғамдық қабылдау бөлмесі орналасқан «Каспий-Балық» ӨК ғимараты алдына керілген лентаны аудан әкімі Бибоз Шаяхметов пен зейнеткер, Бірлік ауылдық округі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Рафих Қабиев қиды. Бөлменің бір қабырғасы «Нұр Отан» деген сөздері бар көк түсті көрнекілікпен түгел жабылған. Ортада тұрған үстел үстіне компьютер, екі жақ шетіне еліміздің және партияның байрақтары қойылған. Мұнда аудан басшысы қоғамдық қабылдау өткізді.

Алғашқы болып жоғарыда аталған Р.Қабиев ағамыз кіріп ішкі жолдың құрылысына тұрғындардың көңілі толмайтынын, соңын жинамай кететіндіктен дүкендердің алды жаңбыр жауса саз батпаққа айналып, оған кіріп-шығу мүмкін еместігін жеткізді. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Хамзаев жарық, газ болмай қалса соны қарайтын маман жоқтығынан, жол бойында жылдамдықты шектейтін белгі болмағандықтан жол-көлік апаттары орын алып отырғанынан хабардар етті. Арна бойымен тасылатын балықты өзенмен жеткізу мүмкін болмағандықтан теңізден шыққан соң тракторге тиеп Теңіз ауылына апару қиындық тудырып отырғанын үлкен өкінішпен айтты.

Аудан әкімі Б.Шаяхметов: - Жарық пен газды қарайтын маманмен қамтуды кәсіпкерлік негізде оқытып округ әкімі жүзеге асыруы керек. 15 ақпан күні аудандық полиция бөлімінің басшысы С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде есеп береді, келіп қатысыңыз жол белгілері туралы сұрағыңызды қоярсыз. Бұл ұсынысты кезінде оларға айттық. Себебі, сіз айтып отырған жол біздің теңгерімде болмағандықтан қаржысы облыстан шығады. Жол белгісін ауылішілік жолдарға біз, округ аралық жолдарға олар қояды, - деп жауап қайтарды.

Қоғамдық қабылдау аяқталғаннан кейін Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақбанов өткен жылы жасалған жұмыстардан есеп беріп, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев партияның негізгі 10 бағыты туралы қысқаша түсінік беріп өтті.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б.Шаяхметов өз сөзінде Бірлік бастауыш партия ұйымынан басқалары үлгі алуы қажеттігін айтып, Елбасымыз алға қойған міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ұлан Иманғали қатысушы жастар атынан партияның аудандық филиалының төрағасы мен орынбасарына ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ