Қоғамға пайдасы бар іс

(0 Votes)

Кейінгі уақытта «әлеуметтік кәсіпкерлік» деген ұғымды жиі еститін болып жүрміз. Бұл негізінен әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар игілікті іс. Оның кәдімгі кәсіпкерліктен айырмашылығы өзіңмен қоса өзгелерге де, анығын айтқанда, қоғамның аз қамтылған және көмекке мұқтаж тобына пайда әкелетін боласыз. Бұл турасында ауданымызға арнайы іс-сапармен келген «Жарқыра» әлеуметтік бағдарламасының аймақтық үйлестірушісі Асқар Секербаевтың өз аузынан естідік.

Ауданның бір топ кәсіпкерлерімен кездескен ол Орта Азияны дамыту қоры мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен жүзеге асып жатқан аталған бағдарламаның мақсат-мүддесімен таныстырды. - Жоба қоғамның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерін тұрақты кәсіпкерлік шешіммен қамтамасыз ететін инновациялық бастамаларды қолдайды. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге 1,5 - 3 млн. теңге аралығында пайызсыз қарыз 5 жылға беріледі. Атырау қаласында, Жылыой ауданында 2016 жылдан, ал, Махамбетте 2018 жылдан жүзеге асырылып келеді. Өткен жылдың өзінде мұнайлы өңірде 7 әлеуметтік-кәсіпкерлік жоба қолға алынды. «Жарқыра» бағдарламасына қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Үйрену талаптары қарапайым, бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – әлеуметтік идеяларды іріктеу кезеңі, екіншісі - қатысушыларға семинар мен дәрістер оқытылады. Тағылымдамадан өткен соң бизнес-жобаларын қорғайды, яғни, әлеуметтік идеяны бизнес жоспарға дейін жеткізу барысын қамтиды. Бағдарлама арқылы әлеуметтік кәсіпкерлер қордан жыл сайын қаржылай қолдау алуына мүмкіндігі бар. Бағдарламаға балалар мен жастар, денсаулық сақтау, білім беру, халық дәстүрлерін жандандыру, экология, спорт, мәдениет және өнер, осал топтағы адамдарға қолдау көрсету кіреді. Әлеуметтік кәсіпкерлік тікелей айналысушыға мол пайда әкелмегенімен жалпы қоғамға көмегі зор болады, - деген бағдарлама үйлестірушісі жобаның көмегімен инсульттан кейінгі сауықтыру, бас бостандығынан айырылған әйелдерді түзету колониясынан тігін цехын ашу, церебральды ауруға шалдыққан балаларды емдеуге арналған құрылғылар жасау, мүгедектерді дене шынықтыру мен спортқа тарту, фитнес орталығын ашу сияқты кәсіпті қолған алғандардың істерін мысалға келтірді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен шұғылдануын қоғамдық негізде насихаттаушы Ержан Сұлтанов параспорт өзге өңірлерде жақсы дамығанын, өзі де талай жарыстарға барғанын айтып, бұл саланың ауданда кенжелеу қалғанын ескеріп, нысана көздеу орнын ашсам деген ойы барын айтты.

Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: - Әлеуметтік кәсіпкерлік қоғам үшін пайдасы зор іс. Өткен жылы бір азаматша ұлттық ат спорты түрінен кәсіп ашуға жұмыстанған еді, бизнес-жоспарын дайындауға да өзім көмектестім. Алайда, оның бұл бастамасы денсаулығына байланысты тоқтап қалды. Бірақ, ойы маған ұнады, Ержанның да идеясы жақсы, көпшілік үшін де қажет екенін білемін, - деген ол ынталы жігітке қолдау білдіріп, көмектесуге болатынын жеткізді.

А.Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521