Нақты тапсырма жүктеді

Аудан тынысы

Биылғы Жолдау еркін форматта өтті. Барлық сала басшыларын Ақордаға жинаған Президент Премьер-Министрден бастап лауазымды шенеуніктерге дейін есеп алғандай болды. Мемлекеттік шенеуніктердің бірі мақтау естісе, енді бірі Президент тарапынан сынға ұшырады.

Президенттің Жолдауы Қазақстан халқының тұрмыс жағдайын жақсартуды көздейді. Осының барлығы елімізді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Яғни, маңызды құжатта айтылған қазақстандықтардың әлеуметтік тұрмысы мен рухани құндылықтарын жаңа сапаға көтеруге жол ашып отыр. Онда бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелер түгел дерлік қамтылған. Соның ішінде әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған оң шешімдер көп. Осының дәлелі, Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін тілге тиек етіп, келер жылдан бастап еңбекақының өсетінін айтып, халықты бір марқайтып тастады.

-Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есе, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Бұл әр қазақстандық үшін үлкен көмек болады. Бұл түрлі салада жұмыс істейтін, барлық меншік формасындағы кәсіпорындарда еңбек ететін 1 миллион 300 мың адамның жалақысын тікелей өсіреді. Сондай-ақ, 275 мың бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы өседі. Олардың жалақысы орташа есеппен алғанда 35 пайызға көтеріледі. Бюджеттік дегеніміз – олар ұстаздар, дәрігерлер, құқық қорғау органдары, қорғаныс қызметкерлері және тағы басқа. Бұл мақсатқа 2019-2020 жылдарға жыл сайын 96 млрд. теңгеден бөлу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Яғни бұл Жолдауда Президент өзі көтеріп отырған күрделі мәселелерге қатысты сала министрлерінен аяқасты жауап ала отырып, Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді. Ендігі мәселе Үкімет пен жергілікті биліктің ел дамуы жолындағы еселі еңбегі болмақ.

Мейрамгүл Жандыбаева,

жоғары санатты ұстаз