Мінсіз қызметі мұратына жеткізді

(0 Votes)

Қанат Айтжанұлы мен Жұмекен ауылы тұрғындарының еңселі клуб үйіндегі жүздесу шарасы сан түрлі ойға еріксіз жетеледі.

Ауылдастардың үлкенді – кішісі ақылдаса келе бұл басқосуды «Елім деп соққан жүрегі» деп атауға келіскен екен. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» тіркесі дәл осы елжанды азаматқа қаратып айтылғандай. Қанат әкімнің бар ғұмыры берісін айтқанда осы ауданға түгел танымал. Аудандық әкімдіктің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, жалпы бөлім сияқты белді-белді бөлімдерін жаңаша, күркүретіп басқарғаны ел-жұрттың жадында. Одан әрірек партиялық жауапты лауазымдық орындарда болғаны бар. Негізінен өмірінің көп бөлігі осы жұмекендіктер арасында өтті. Осында мектеп бітірді, ат жалын тартып мінді. Әкеден қаршадай шағында айырылып, ана тәрбиесінде өскен үш ағайынды Саламат, Қанат, Идаят азаматтар өсе келе ел қажетіне жарайтын, үш тарау өмір жолына түсті.

Қайда жүрсе де олар халықтың қалың ортасында болды. Абыройға бөленді. Өстім деп өрекпімеді. Әсіресе, Қанат өзі өскен ортаның жоқшысы әрі сенімді тірегі бола білді. Сонау бір жылы ауылдастар мүддесін ашық айтамын деп ауданды басқарған әкімге жақпай қалып азын-аулақ мерзім жұмыстан шеттетілді. Сонда сол Жұмекен ауылы өре түрегеліп ашық қарсылық білдірді. «Қанат біздің - қанатымыз, өзімізге қайтарыңдар, әйтпесе Елбасыға адамдар жібереміз,нақақ қараламаңдар» деп. Сөйтіп, олар Қанат Айтжанұлы Ғаббасовты орталарына әкім етіп кері қайтарып алды. Сөйткен ауылдастарына ол комсомол комитетінің хатшысы, кеңес төрағасы, алғашқы әкімінен басталған жолмен жүріп отырып 35 жыл абыройлы еңбек етті. Сол Жұмекен ауылының топырақты өлімі, думанды той-томалағы онсыз өтпейтін болды. Ауылда жаңарулар орын алып, кәсіпкерлер мен шаруагерлер қатары өсті.

Міне, нағыз ел ағасы. Белгілі өнерпаз Болат Бидоллаев жүргізген шарада осының бүге-шүгесі қалмай бәрі айтылды. Арғы атасы, әйгілі Күрт Ата, әкесі Айтжан, анасы Мүслима рухтарын не бір асыл сөздер ажарлады. Қанат Айтжанұлы жұбайы сол Еңбекші округінде ұзақ жылдар дәрігер, ерге сенімді серік бола білген Зейнеп Оразғалиқызымен бірге сазды әуен сүйемелдеуімен сахна төріне шақырылғанда, елдестері орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтау қошеметін көрсетті.

Алғашқы құттықтау сөзді аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов айтып, Алғыс хатын, естелік сыйлығымен қоса тапсырып, Қанат Ғаббасовтың әкімдік қызметінің аудан әкімінің өкіміне сай 2019 жылдың наурыз айына дейін ұзартылғанынан хабардар етіп, жұмекендіктерді қуанышқа бөледі. Бұдан соң осы округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті Азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Ғаділхан Қалиев ортаға шығып, округ ардагерлері, әкімдік аппараты, «Еңбекші» ет кешені, ауылдық клуб, денсаулық, пошта қызметі ұжымдары атынан тебірене толқып сөйледі. Мерейгердің және оның жұбайы Зейнептің иығына шапан, камзол жабу рәсімдерін жасап, Алғыс хат табыстады. «Сыртта Қамекеңнің тақымын қазір ақбоз атқа тигіземіз, ол оған әбден лайық» деді.

Тілек айтушылар легі бір толастамады. Олардың қатарында «Ақжонас» ЖШС директоры Мұқар Шаяхметов, оның жұбайы белгілі ардагер ұстаз Ақтілек Хамитова, клуб меңгерушісі Бауыржан Ғабдолов, осындағы су тазарту қондырғысының басшысы Пәуеден Қайседенов, мектеп директоры Мырзабай Хабиболлаұлы, Атырау облысының «Құрметті Азаматы» Мәннап Меңдіғалиев ақсақал телефон арқылы, «ТөбеАралОйл» ЖШС атынан Нұрлыбек Майпокұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, «Серперлік» қаламгерлер атынан Таңатар Дәрелұлы, әріптесі Зинетолла Мұхлесов, ауылдасы Людмила Есіркенова, шәкірттері Наурызбек Бисенғалиев, Жасқайрат Хамзин, бір топ ауылдас кәсіпкерлер атынан Гүлжәмиля Тайырова, нағашылары Ержан Ғайнетов, Жұмақай Ғұмаров, Болат Бірәлиев, балдызы Жұмабай Жанкеев, құдасы Сансызбай Тоғаев, жеңгесі Антонина Давақызы, бауырлары атынан Саламат Ғаббасов қария, үлкен ұлы Дәурен, т.б. сөйлеп, Қанат Айтжанұлының адами бейнесін, тұлғалы болмысын әр қырынан жарқыратып ашты. Ауданға белгілі қария Төлеп Өтеулиев ақсақал баталы сөзін әрлеп, ат-шапан шашуы барын қаперге берді. Немере– жиендері ата-әжесіне таңдайлары тақылдап тақпақтарын айтты. Бірегей елжанды азаматқа арнап Раушан Сәрсенова, Заря Қуанышқызы, Руслан Исмагулов, Бақытжан Сариев, т.б. өнерпаздар әннен шашу шашты. Қорытындыны мерейгердің өзі Қанат Айтжанұлы жасап: - Мен бақыттымын, ол бақытты маған берген сіздерсіздер, әрдайымда ел-жұртыма адал қызмет етуді өзіме биік парыз санаймын, - деді. Дұрысы осы ғой.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521