Мемлекеттік қызметшілер әдебі талқыланды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Атырау облысы әкімі аппаратының жоспарлы кестесіне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің әдебі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы семинар-кеңес өткізілді.

Оған аудан әкімі мен мәслихат аппараты, дербес бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қызметкерлерімен бірге қатысты. Күн тәртібіндегі мәселеге орай, Атырау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Азамат Айманакумов сөз алды.

– Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Олар билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпір. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне үлкен мән берілуде. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда жаңа әдеп Кодексі қабылданып, әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылған болатын. Кодекс мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған лауазымына қарамастан басшылыққа алуға тиісті кәсіби этиканың жалпы принциптері мен қызметтік мінез-құлықтың негізгі тәртібін жинақтайды. Ал, уәкіл өз құзіреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асырып, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Атырау облысы бойынша 9 әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс жасайды.Ал, оған сәйкес өңірлерде кеңестер құрылды. Олар өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарын ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары жұмысының нәтижелерін қарайды, – дей келе, Азамат Мақсотұлы қатысушыларға Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамалары және мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп Кодексі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру бағытында жүзеге асырылған анонимдік сауалнамалардың қорытындысын таныстырып, Құрманғазы ауданы бойынша онымен мемлекеттік қызметшілердің 90 пайызы қамтылғанын қаперледі. Нәтижесінде, олардың мүдделерін қорғау мақсатында кезекшілік күндерін таңдауына мүмкіндік берілгенін, жұмыс регламенті өзгертілгенін, келесі жылы ресми түрде компьютерлердің қызметтен тыс уақытта автоматты түрде өшіп қалуы енгізілетінін алға тартты. Арыз-шағымдарға талдау жүргізу барысында біздің ауданнан 4-еуі келіп түскенін жеткізіп, Әдеп жөніндегі кеңестің, тәртіптік комиссиялардың шығарған шешімдерінен хабардар етті.

Келесі кезекте облыс әкімі аппараты мемлекеттік құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Марат Бексұлтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізу бағытында қабылданған стратегияға орай іс-шаралардың орындалысын тексеру, әдістемелік көмек көрсету, өңірдегі ахуалды зерделеу мақсатымен келгенін айтып, мемлекеттік қызметкерге жүктелетін жауапкершілікті, ел алдындағы абыройлы міндеттерді атап өтіп, жемқорлықтың алдын алу бағытында жүргізілген профилактикалық жұмыстарға тоқталды. Одан әрі, қатысушыларды мемлекеттік қызметтің бүгінгі жүйесі қай елдердің тәжірибесінен алынғаны қызықтырса, кадр мәселесі, іскерлік стиліне қатысты талаптар жөнінде сұрақтар қойылды. Семинарды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Қалиев тұшымды ой-пікірлерін ортаға салған облыстан келген лауазымды тұлғаларға ризашылығын білдірді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521