Мектеп формасын сақтау міндетті

(0 Votes)

Мемлекеттік мекеме болып табылатын мектепте білім алатын әрбір оқушы бір-бірімен тең құқылы.

Олардың әлеуметтік жағдайы әр түрлі болуына байланысты кез келген ата-ана тапқан табысына қарай балаларын киіндіреді.Кей жағдайларда осыған орай оқушылар арасында әлеуметтік, психологиялық жағдайлар туындайтынын жоққа шығара алмаймыз.Оның үстіне қазіргі қоғамымыздағы түрлі діни ахуал да еліктегіш жасөспірім санасына әсер етпей қоймайтыны анық. Орта білім беру мекемелерінде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілді.

Оған сәйкес аталған талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 4 сәуірдегі № 248 бұйрығы бойынша  13-тармағында орта білім беру ұйымында кез келген діни конфессияға қатынасын білдіретін діни киімдерді (хиджаб, никаб, бурка, паранжа, сикх тюрбандары және иудей кипа-бас киімдері және т.б ) және діни атрибутикаларды (белгілерді) киюге тыйым салынған» – деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Еліміздің Заңдарына сәйкес Қазақстанның бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады. Яғни, зайырлы сипаттағы мектептерде әлдебір дінді тікелей немесе жанама насихаттауға жол берілмейді.

2016 жылғы 14 қаңтардағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің № 26 бұйрығымен міндетті мектеп формасы үшін бірыңғай талап қоятын ережелер енгізіле бастады. Онда мемлекеттік білім беру ұйымдарында қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген ережелерді ұстану қажеттігі айтылған. Яғни, еліміздегі мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейдеден құралады (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Ұлдар мен қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

– Діни атрибуттарды, киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейді, бұған дейін де рұқсат етілмеген. Белгіленген киім үлгісін сақтау талаптары елімізде қабылданған зайырлылық, тең құқылық қағидаттарына негізделген.

Биылғы оқу жылынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі міндетті бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті. Мұндағы басты мақсат – оқушылар арасында әлеуметтік, мүліктік, басқа да өзгешеліктерді жою. Талаптар министрліктің бұйрығымен бекітілген. Аталған құжатта мектеп формасының классикалық үлгіде болуы керектігі айтылған. Сондай-ақ, мұнда форманың үлгісін, юбканың ұзындығын ата-аналар бекіткен қоғамдық кеңес таңдайтыны көрсетілген. Білім бөлімдері отандық киім тігушілерді таңдауға ұсыныс айтқанымен, нақты өндірушілерден алуды міндеттемейді деп жазылған.

Бүгінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде ауданымыз бойынша міндетті мектеп формасын сақтамай жүрген оқушылар жоқ. Биылғы оқу жылынан бастап облыста бірыңғай мектеп формасына конкурс жарияланып, барлық білім ордаларында бір үлгіде енгізілді.Қазіргі таңда арнайы мобильдік топтар құрылып, осыған қатысты мониторинг жасалып,қосымша түсінік жұмыстары жүргізілуде.

Айгүл Ахметжанова,

аудандық білім бөлімінің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521