Медиация - татуластырудың төте жолы

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудандық соттың ұйымдастыруымен «Медиация артықшылықтары» тақырыбында аудандық семинар өтті.

Семинар барысында «Медиация туралы» Заң, медиаторлардың атқаратын жұмыстары жөнінде кеңірік түсінік беріліп, қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарылды.

Аталған шараға Атырау облыстық сотының судьялары Райса Аққұлова, Гүлмира Исамберлиева, «Медиация орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облысы бойынша өкілдігінің директоры Гүлбаршын Марданова, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, ауылдық округтердің әкімдері, кейбір бөлімдердің басшылары мен мамандары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау және қадағалаушы органдардың басшылары мен қызметкерлері, медиаторлар, БАҚ өкілдері қатысты. Семинар жұмысын аудандық соттың төрағасы Ерболат Аманғалиев жүргізді.

«Медиация туралы заңның» орындалысы туралы хабарлама жасаған аудандық соттың судьясы Гүлсім Тасқынбаева: - Статистикалық мәліметтерге келсек біздің Құрманғазы аудандық сотында 2018 жылдың 7 айында қаралған 328 азаматтық істің 939 -ы татуластыру рәсімдерімен аяқталған. Осы жылдың 7 айында қаралған 54 қылмыстық істің 16-сы кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Соңғы кезде медиация заңы әкімшілік істер бойынша да қолданылуда. Есепті мерзімде қаралған 587 істің 41-і медиаторлардың көмегімен, тараптардың өзара келісімге келуімен аяқталған болатын. Аудандық сотта мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтті. Ынтымақтастық туралы аудандық сот, ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесі, жергілікті полиция қызметі және кәсіпқой емес медиаторлар арасында меморандум жасалды. «Медиация туралы» заң қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі болар ұмытыла бастаған салт-дәстүрін қалпына келтіру мақсатындағы игі қадам. «Ұрыс тұрған жерде, ырыс тұрмайды» деген сөз дұрыс айтылған. Ел ішінде дау-даумай болмай қалмайды. Бірақ: «Дәлдеп атып жауды жең, дәлдеп айтып дауды жең», - деп бабаларымыз айтқандай бітімгершілік жолымен татуластырғанға не жетсін, - деді.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша судьясы Райса Аққұлова: - Ауыр қылмыстарға жататын істер медиация қолдануға жатпайды. Ол онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша қолданылатыны жаңа айтылды. Медиацияны қолдану барысында жәбірленуші сотталушыға кешірім беруі, талабы болмауы, келтірілген залалдың орынын айыпталушы түгелімен толтыруы, екі жақ өзара тіл табысуы керек, - деп сөзді әріптесі Атырау облыстық сотының азаматтық істер бойынша судьясы Гүлмира Исамберлиеваға жолдады.

- Сот саласына тоқталсақ, медиациядан басқа 2016 жылдан бастап заңды күшіне енген Азаматтық процесстік кодекс бойынша татуластыру үш түрге бөлінеді. Біріншісі татуластыру келісімін сот арқылы жасау. Одан кейінгілері жаңа кодекс бойынша медиациялық және партисипативтік келісім. Қазіргі біздің әрекет етіп отырған заңымызға және процестік кодекске орай медиаторлардың бірнеше түрі қарастырылған. Яғни, сот жүйесінде судья өзінің алдына келіп түскен іс бойынша медиация жасауға құқылы. Процестік кодекске енгізілгеннен кейін ол оның қызметтік міндеті болып табылады және ақша талап етілмейді. Сондықтан статистикалық мәліметтер бойынша бізде қазір бірінші орында келе жатқан сот медиациясы, - дей келе Гүлмира Исамберлиева облысымыздағы барлық дәрежедегі әкімдіктерде медиация кабинеті ашылып жарақтандырылғанын, Жоғары сот тарапынан пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатырғанын айтты. Сонымен қатар еліміз бойынша медиацияны қолдану жағынан Атырау облысының көрсеткіші жақсы екенін алға тартты.

«Медиация орталығы» РҚБ-нің Атырау облысы бойынша өкілдігінің директоры Гүлбаршын Марданова: - Татуластыруды ұзаққа созбай, екі жақты келістірудің кілтін тапқан билердің тәжірибесі ұрпаққа үлгі. Осындай мақсатты алдына қойған «Медиация туралы» заң жеті жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылуда. Республикалық қоғамдық бірлестігіміз өз жұмысын 2011 жылдың 8 желтоқсанында бастады. Қазақстанның 14 облысында 800-ден аса медиатор бар. Өткен жылдар ішінде 30 мыңнан астам істерге медиация қолданылған. Кейбір аймақтарда азаматтық істердің 32 пайызы, қылмыстық істердің 2500-і медиация арқылы қысқартылды. Атырау облысы бойынша біздің өкілдік 2015 жылы өз жұмысын бастады. Содан бері 1779 медиация көмегі көрсетілген. Оның ішінде 1431 іс сотқа дейін татуластыру рәсімдерімен аяқталған. 2018 жылдың басынан бастап күні бүгінге дейін 300 іс медиациямен аяқталды. Қылмыстық және аманаттық істер бойынша сотта 144 іс татуластыру тәртібімен, Қазақстан Республикасы қылмыстық істер кодексінің 68-ші бабымен қысқартылып отыр. Азаматтар арасында 38 млн. 313 мың 923 теңге медиациямен келісімге келу арқылы қайтарылды. Биылғы жылдың басынан бастап 4 меморандум жасақталып, 7 дөңгелек үстел өткізілді, - деп қазіргі таңда отбасы және мектеп медиациясына қатысты екі жоба дайындалып бола келгенін, демеушілер іздестірілуде екенін жеткізді.

Аудандық мәслихаттың депутаттары Мансур Қуаншәлиев, Рифхат Сұлтанияев, кәсіби емес медиатор Жаннат Құрманғалиева және басқалары тарапынан судьялар мен қоғамдық бірлестік директорына сұрақтар қойылды. Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов, заңгер Ғизатолла Мүрсалиев, облыс бойынша алғаш рет бізде құрылған аудандық Билер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев жақсы түсініктер бергені үшін атыраулық қонақтарға ризашылығын білдірді. Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова облыстық қоғамдық кеңестің Алғыс хаттарымен Қ. Жармұхамбетовті, Г.Тасқынбаеваны, Б.Менситованы марапаттады. Аудандық соттың судьясы Бейбіткүл Менситова медиация бойынша атқарылған жұмыстар жайлы қысқаша айтып өтті. Семинарды аудандық соттың төрағасы Ерболат Аманғалиев қорытындылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521