Малдың да төлқұжаты болуы керек

Аудан тынысы

ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесіне» сәйкес барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейленуі тиіс.

Мұндағы, бірдейлендіру дегеніміз – дерекқорға жануар туралы мәліметтерді енгізе және ветеринариялық төлқұжатты бере отырып сырғалау, чиптау, таңба салу жолымен оларға жеке нөмір беруді қамтитын есепке алу жүйесі болып табылады.

Бұрындары мал сырғалау мәселесі жиі көтеріліп, оның жеткіліксіздігінен сала қызметкерлері мен шаруалар біраз әбігерге түсетін. Бүгінде бұл іс ыңғайға келді, малбегілер алдында сырғаланбаған төрт түлік жоқтың қасы. Бірдейлендіруді өткізу жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсеткенде төлем алынбайды, яғни ауыл шаруашылығы жануарларына сырға мен ветеринариялық төлқұжат тегін беріледі. Сондай-ақ, бірдейлендіру нөмірінің жеке тасымалдаушысы ауыл шаруашылық жануарлары туылғаннан кейін екі айдан кеш емес уақыттың ішінде оң жақ құлағына тағылады.

Жұқпалы ауруларға зерттеу нәтижесінде нақты ауруға шалдыққан жануарды табу, аса қауіпті аурулармен жануарлар шығын болған жағдайда өтемақы, мал өсіру бағытындағы субсидиялар алу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бүгінгі күннің негізгі талабы болып отыр. Мал иелері малдарын тіркету үшін өздерінің ауылдық округтерінің ветеринариялық пункт меңгерушісіне өтініш беріп, жануарды АШЖБ дерекқор базасына енгізіп, өз иелігіне жаздыруы қажет. Егер малын сатқысы келсе ауылдық округтің ветеринар маманына көрсетіп «Форма №1» анықтамасын алады. Сырғасыз түлікке мал дәрігерінің анықтама беруге хақысы жоқ. Сол себепті мал иелеріне айтарымыз, малды сырғалау мәселесіне көңіл бөліңіздер!

А.Қалиева,

аудандық ветеринария бөлімінің жетекші маманы