Мал ұрлығы тыйылар емес, ауыз су да қинап тұр

Аудан тынысы

Кудряшов ауылдық округінің әкімі Сақтапберген Ертілеуов есепті хабарламасын жасап, ауыл шаруашылығы, жұмыссыздық, әлеуметтік, білім беру, денсаулық, мәдениет саласы және т.б. бойынша атқарылған жұмыстарды саралады.

Ауыл тұрғыны Роза Измайловна 2018 жылдың күз мезгілінен бері ауыз судың жоқтығынан зардап шегіп отырғанын айтып, ауылішілік жол сапасының нашарлығы сын көтермейтінін жеткізді. Сонымен қатар, жыл соңында ауруханада тегін дәрі-дәрмек түгілі, екпе салатын құралдарға дейін таусылып қалатыны оның ренішін туғызды. Төрт баланың анасы Ақжарқын Дүйсенқұлова «Арна» ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның кенеттен жабылғанына наразылығын білдірсе, ауыл тұрғыны Ғабит Құтәлиев жол белгісі дұрыс орнатылмағанын полиция қызметкерлерінің қаперіне берді. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Светлана Уахасқызы: - Былтырғы жылы министрліктен оңтайландыру жөнінде тапсырма берілгендіктен осындағы аурухананы жабуға бұйрық келді. Алайда біз оны сақтап қалудың амалын қарастырғандықтан «Арна» ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны жабуымызға тура келді. Бірақ тұрғындардың ортақ тілектеріне орай алдағы уақытта оны қайтадан ашу жөнінде қуанышты хабарды алдық, - деді. Ішкі істер саласының ардагері Қайырбек Қожабеков төселген ауылішілік жолдың көліктерге тарлық ететінін, өте сапасыздығынан оның астынан жантақ т.б. сияқты шөптер жарып шығып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы шаралар жөнінде сұрағын қойып, бөгет салу жұмыстары неліктен бақылауға алынбайтынын алға тартты. «Бисенбай» ЖШС-нің басшысы Әлімжан Жармұхамбетов өзінің сенімгерлік басқаруындағы «Кудряшов» су тазарту имаратының бірнеше жылдан жөндеу көрмегенін, су соратын электромотордың өртеніп кетуі ауыз су мәселесін туғызып отырғанын айтып,оны қалпына келтіру үшін қаржы қарастыру жөніндеаудан әкімдігінен көмек сұрады. Жиналыс барысында жарық шамдарын орнату, газ қызметін қарайтын маманның қажеттігі, мал ұрлығы көбейіп тұрғаны туралы бірқатар түйткілдер қозғалды. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Төлепов ауылішілік жол салу жұмысы жоба бойынша әлі аяқталмағанын, көктем айында мердігерлер келіп жұмыстарын одан әрі жалғастыратынын, сол кезде сын-ескертпелерді олардың өздеріне айтуға болатынын қаперледі.Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров қойылған сұрақтарға жауап беріп, электромоторды сатып алуды мәслихат сессиясы арқылы бөлінетін қаржыға қарамай, тез арада комиссия құрып, бұл түйткілдің оң шешімі табылуына жұмыстанатынын жеткізді. Округ әкімі Сақтапберген Ертілеуовтің бір жылдық есебі «қанағаттанарлық» деген бағаға ие болды.

А. Шакупова.