Мәуліт мерекесі – имандылықтың көрінісі

(0 Votes)

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) туған күні жыл сайын әлем бойынша аталып өтеді.

Адамзаттың асыл тәжі, ұлы тұлғаның дүниеге келген күніне орай С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ішкі саясат, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен аталмыш мәдениет үйі «Шарапаты мол мәуліт мерекесі» атты салтанатты шара ұйымдастырды. Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп: - Жүрегіне иман ұялаған, мейірім мен қайырым шуағына бөленген, рухани жағынан бай адамзат баласы өмір сүретін елдің болашағының зор, өміршең болатыны даусыз. Елбасымыз жастарымызды дінге адалдық танытуға шақырып, өз Жолдауында: «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек», - деді. Дін адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқан өлмейтін, көнермейтін, мәңгілікке жетелейтін қастерлі де қасиетті ұғым, бүкіл әлемге ортақ құндылық. Қазақ елі ондаған ғасыр бұрын ислам дінін қабылдау арқылы оның ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде өзіндік тарихи танымдық, дәстүрлі мұсылмандық түсінігі қалыптасқан халқымыз исламдық ғылым мен өркениетке зор үлесін қосты. Президентіміз өз сөзінде: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ, бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін ұмытпауымыз керек. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды», деген болатын. Елбасының сөзінде үлкен мән жатыр. Қоғам өзгергенімен ислам үнемі жаңарып, жаңаланып отыратын дін. Діннің өзегі, иманның шарттары, сенім негіздері өзгермейді, жаңарып отыратын – исламның өмір салты, – дей келе Отанымыз гүлденіп, алға баса берсін деген тілегін жеткізді.

Атырау қаласы «Иманғали» мешітінің найб-имамы Еламан Бегалиев Құран аяттарын оқып, уағыз айтып: - Тәуелсіздіктің арқасында дінімізді, Пайғамбарымызды танып жатырмыз. Адам баласын жаратқан Алла Тағала оны солай тастамады. Арасынан қажетті адамдар шығарып, қамқорлап отырды. Денесіндегі ақауларды емдеу үшін дәрігерлерді, ыссыда көлеңке, суықта пана болатын баспана салу үшін құрылысшы инженерлерді, көлік пен кеме жасайтын шеберлерді шығарды. Сол секілді оларға тура жол сілтейтін, жүрегі, рухани ішкі дүниесі сау болуы үшін пайғамбарлар қажет екенін біліп, араларынан соған лайықты ізгі ниетті, жаны таза адамдарды таңдады. Адамзатқа сонау Адам ғалиһиссаламнан бермен қарай санағанда 124 мың пайғамбар жіберілген. Бәрі де бір мақсатты көздеді, яғни, Алланы тануға, оның тура жолымен жүруге шақырды. Соның ең соңғысы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) келген кез арабтардың азып-тозған, неше түрлі күнәларді жасап жатқан уақыты еді. Алланың елшісі 23 жылда сол халықтың ішінен Әбу Бакр, Омар, Осман, Әли сияқты үлкен тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Олардың жолын қазақ даласында Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім сияқты аталарымыз жалғастырды, - деп қысқаша ғана Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайлы әсерлі әңгімеледі.

Ауданымыздың үлкендері атынан медицина саласының ардагері, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Ерсайын Досмұхамедов сөйлеп, ризашылығын білдірді. Абай атындағы жалпы орта мектептің ұстазы Рүстем Тоқаев шараны жүргізсе, аудан өнерпаздары Елдос Құлшаров өлең оқып, Толыбай Қажыгереев, Аманжан Халықов, Нұрболат Исаев тақырыпқа сай әндер орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521